Лондонда тағы бір дзюдошымыз сүрінді: Ринат Ибрагимов кәріс палуанынан жеңіліс тапты
Тәжірибелі дзюдошы Ринат - Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарына да қатысқан болатын, бұдан бөлек ол әлем чемпионатында (2009 ж.) да бағын сынап, Азияның күміс жүлдесін иеленген (Корея, 2008), әлемнің «Гранд Слам» супер кубогының қола жүлдегері (Франция, 2010) атағын алған, сондай-ақ дзюдо мен самбо күрестерінен ел чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы.
Олимпиада жеребесі барысында А пулына түскен жерлесіміз өз жекпе-жегін екінші айналымнан ғана бастаған еді. Ал бұған дейін Ринаттың алғашқы қарсыласы бірінші айналымдағы кәріс Ванг Ки-Чун (WANG Ki-Chun) пен грузин Нугзар Таталашвили (TATALASHVILI Nugzar) арасында анықталып, оның нәтижесінде кәріс палуаны екінші айналымда Ринатпен белдесетін болған. Алайда жерлесіміздің жолы болмады. Кездесудің үшінші минутында кәріс палуаны Ринаттан айласын асырып, иппон ұпайымен ұтты.
Осылайша, ExCeL аренасында өнер көрсетіп жатқан біздің дзюдошыларымыздың әзірше жолы болмай келеді. Аренадағы татами төріне 4 қазақстандық дзюдошы шыққанымен, олардың ешқайсысы тиісті нәтижені бағындыра алмады.