Лондондағы алапат көпқабатты үй өртінің себептері анықталды
ЛОНДОН. KAZINFORM - Екінші дүниежүзілік соғысынан бері Ұлыбританияда болмаған алапат үй өртінің себептері енді анықталды. Қоғамдық тергеу апатқа үкіметті, өрт сөндірушілерді және тез жанғыш қаптамамен қаптаған компанияларды кінәлі деп тапты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
2017 жылы 72 адамның өмірін қиған Гренфелл-Тауэр тұрғын үйіндегі өртке билік, ісіне салғырт қараған құрылыс компаниялары және өрт сөндірушілердің кәсібисіздігі себеп. 6 жылға созылған қоғамдық тергеудің қорытындысы осындай. Коалициялық және консервативтік үкіметтер мамандардың қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылығын елемеген немесе кейінге қалдырумен болған, делінген зерттеуде.
23 қабатты мұнара пішіндес ғимараттың сырты тез жанғыш құрылыс материалдарымен қапталғандықтан тілсіз жау жедел тарап, тізгін бермеген. Үйден шықпай құтқарушыларды күтіңдер деген ресми нұсқаулыққа құлақ асқан тұрғындар пәтерлерінде тірідей өртеніп кеткен. Қайтыс болғандардың арасында 18 бала, 15 мүмкіндігі шектеулі жан болған.
«Мен мұндай өртті бұрын-соңды көрген емеспін. Өте қорқынышты болды, қатты жыладым. Көмектескім келді, бірақ қолымнан келмеді. Жоғарғы қабаттардан адамдардың жан даусы естілді. Өте жантүршігерлік жағдай болды», - дейді Лондон тұрғыны Насима Бутриг.
Қоғамдық тергеудің төрағасы кісі өлімінің алдын алуға әбден болар еді деп мәлімдеме жасады. Тұрғындарға бірнеше жыл қатарынан қауіп төнсе де жан айқайына ешкім құлақ аспады деген пікір айтылды. Зерттеу нәтижесіне сәйкес негізгі жауапкершілік көпқабатты үйге техникалық қызмет көрсетуші фирмаға, жергілікті және ұлттық органдарға, сондай-ақ тез жанғыш қаптамаларды қауіпсіз деп сатқан компанияларға жүктелді.
«Құрылыс материалдарының кейбір түрлері, атап айтқанда алюминийден жасалған композиттік панельдер қауіпті. Үкімет және басқа да тексеруші органдар бұл олқылықты ерте кезде анықтамаған деп ойлаймыз. Компаниялар өз өнімдерінің қауіпсіздігі туралы жалған ақпарат беріп, жүйелі түрде адастырып отырған»,- дейді Тергеу жөніндегі комиссия төрағасы Мартин Мур-Бик.
Сондай-ақ, сол кездегі үкіметке, Лондондағы Кенсингтон және Челси аудандарындағы жергілікті билікке, сала басшыларына, реттеуші органдарға және көп қабатты үйлердегі өрт қауіпсіздігіне жылдар бойы көз жұма қараған өрт сөндіру тобына сын айтылып, айыптар тағылды.
Премьер-министр мемлекет атынан өрт құрбандарынан кешірім сұрады.
«Қайғылы жағдайдан зардап шеккен әрқайсыңыздан кешірім сұрағым келеді. Мұндай жағдай болмауы керек еді. Мемлекет өзінің ең басты міндеті - сіздерді және сіздердің жақындарыңызды қауіптен қорғай алмады»,- деді Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер.
Ұлыбританияның басқа қалаларымен салыстырғанда Лондонда биік ғимарат 2 есе көп. Шаһар басшысының пікірінше, 1300 тұрғын үйдің сапасы әлі де сын көтермейді. Сыртқы қаптамасы, баспалдақтары және эвакуациялық жедел сатылары қауіпті. Отбасылар түнде қорқынышпен ұйықтайтындай күй кешіп жүр.
«Гренфелл-Тауэрдегі өрт біздің өркениетті ел екендігімізге күмән келтіргендей. Өмірін қиғандар қоғамымыздың ең осал топтары: балалар, мүгедектер, қара нәсілділер, азиялықтар, этникалық және діни азшылықтар. Менің ойымша, оларға өртке дейін, өрт кезінде және одан кейін де селқос қараған», - деді Лондон мэрі Садик Хан.
Үкімет қайғылы оқиғаға қатысы бар құрылыс компанияларына ресми хат жіберіп, келісім-шарттады тоқтатады. Сондай-ақ Лондон полициясы мен прокуратураға істі тергеуде барынша қолдау көрсетеді.