№376 сайлау учаскесі Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің ғимаратында орналасқан. Оның ішіне референдум туралы ақпарат жазылған тақта және дауыс беру жәшігі қойылады. Комиссия мүшелері ережелердің толық сақталуын қамтамасыз етеді.
Бұған дейінгі тәжірибеге сүйенсек дауыс берушілердің саны таңертеңгі уақытқа қарағанда түске таман артады. Өйткені Ұлыбританияның түкпір-түкпірінен жиналған қазақстандықтар Лондонға сол уақытқа қарай жетеді.
Референдумға қатысушылардың басым көпшілігі студенттер қауымы болады деген болжам бар. Өйткені, әдетте, олардың белсенділігі өте жоғары. Студенттерден бөлек Ұлыбританияда жұмыс бабымен уақытша тұрып жатқан отандастарымыз және осында саяхаттап жүрген туристер де азаматтық міндетін орындау үшін сайлау уческесінде бой көрсетеді.
«Республикалық референдумға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Редакциялық тапсырмасы бар аккредиттелген журналистерге маңызды шараны ақпараттандыруға толық жағдай жасалады»,- дейді №376 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Руслан Карабулов.
Учаске жергілікті уақыт бойынша таңертең 7-де ашылып, дауыс беру кешкі 8-ге дейін жалғасады. Одан кейін сайлау комиссиясының мүшелері дауыстарды санау процесіне кіріседі.