Лондондағы бомбадан қорғанатын бункерлер туристерді қабылдайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Лондонда бомбадан қорғану мақсатында қазылған туннельдерде енді туристер емін-еркін жүре алады. Ол үшін экскурсия жасаушылар ІІ дүниежүзілік соғыс кезінен қалған бункерлерге түсуі қажет. Сөйтіп жер астындағы жұмбақ әлемнің жай-жапсарымен танысуға мүмкіндік алады, деп жазады 24.kz.

Жергілікті биліктің айтуынша, бұл адамдардың танымын кеңейтеді әрі экономикалық жағынан да тиімді көрінеді. Бір қарағанда, станса Лондондағы метро аялдамасы секілді болып көрінуі мүмкін. Алайда оның астында шамамен 37 метр тереңдікте бомбадан қорғанатын туннель орналасқан.

ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде қазылған бункерге кезінде 8 мың адамға дейін сыйған екен. Апат дабылы келіп түскеннен кейін лондондықтар бірден жер астына түсетін. Олар мұнда тек билет арқылы жіберілген. Туннельде асхана, жатын орын, ойын-сауық орталығы мен тіпті шағын аурухана да болса керек.

Соғыстан кейін бұл бункерлер уақытша баспана ретінде пайдалануға берілген. Оған біркездері әскери қызметкерлер де орналастырылды. Туннель қабырғаларында әлі күнге дейін тұрғындардың есімі жазулы тұр. Бүгін оларды кез келген адам өз көзімен көре алады. Лондон билігі экскурсиядан түскен қаражатты шаһар метросының жұмысын жақсартуға жаратуды көздеп отыр.