Лондондағы Олимпиада кешені қалалық саябаққа айналды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы ғасырда ашылған Лондондағы ең үлкен саябақ - Елизавета патшайым атындағы Олимпиадалық саябақ толық қуатында жұмыс істей бастады.

Кеше су спорт түрлері орталығы, велопарк, айналаны қарайтын алаңқайы бар 115 метрлік Orbit мұнарасы, көптеген серуен жолдары, субұрқақтар, балалар алаңқайлары мен дәмханалар орналасқан оның «екінші кезегі» ашылды, деп хабарлады РИА «Новости».

Саябақ тәулік бойы жұмыс істейді, оған кіру тегін. Әзірге олимпиададан кейінгі өмірге бейімделмеген саябақтағы жалғыз нысан - олимпиада стадионы. Келесі жылы оны уақытша регби чемпионатын өткізу үшін ашу жоспарлануда, ал 2016 жылдан бастап «Вест Хэм» футбол командасының базасы ретінде тұрақты іске қосылмақ.

2012 жылғы Лондон Олимпиадасына арнап салынған кешенді қайта жабдықтауға бір жыл кетті және оған 12,5 миллиард фунт стерлинг (19 миллиард доллар) инвестиция жұмсалды. Ал олимипиадаға даярлыққа, соның ішінде спорттық ғимараттар салуға Ұлыбритания үкіметі 8,77 миллиард фунт стерлинг (13,4 миллиард доллар) бюджет қаражатын жұмсаған болатын.

Үкімет орындары Олимпиадалық инфрақұрылымдар нысандарын пайдаланудан бюджетке түсімдер көлемін 13 миллиард фунт стерлинг (20 миллиард доллар) болады деп бағалауда.