Лондонға баратын тоғыз боксшы - ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮКІЛЕГЕН ТОҒЫЗ ҮМІТІ

АСТАНА. 15 сәуір. ҚазАқпарат - Бұйыртса төрт жылда бір рет келетін XXX  жазғы Олимпиада ойындары 27 шілде күні Ұлыбритания астанасы Лондонда алауын жағып, 12 тамыз күні өз мәресіне жетпек. Осы орайда аталған дүбірлі дода басталғанға дейінгі уақытта «ҚазАқпарат» агенттігі әр аптаның жексенбісінде Олимпидада Қазақстан намысын қорғайтын спортшылар жайында мағлұмат беретін болды. Бүгін біз Лондонға баратын бокстан ерлер командасының спортшыларымен таныстырамыз.

Айта кетейік, Астанада өткен бокстан Азия аймағының лицензиялық турнирі жақында аяқталып, оның қорытындысы бойынша жерлестеріміз үш алтынды жеңіп алды. Сонымен қатар, Лондон Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынған аталмыш доданың қорытындысы бойынша біздің боксшыларымыз үш лицензияны қанжығаға байлады. Сонымен Қазақстанның Лондон Олимпиадасына бокстан қол жеткізген жолдама саны 9-ға жетті. Еске салсақ, Астанадағы Лондон Олимиадасының жолдамасы сарапқа салынған турнирдің соңғы күнінде жерлесіміз 49 келі салмақта өнер көрсеткен Біржан Жақыпов ақтық айқаста жапониялық Наойи Иноуиден басым түсіп, осы салмаққа тігілген лицензияға қол жеткізген болатын. Біржан үш раундтың қорытындысы бойынша қарсыласын 16:11 есебімен ұтты.

Ал 52 келі салмақтағы саңлағымыз Ілияс Сүлейменов Моңғолияның Тугстсогт Ньямбайарын жеңді. Еске сала кетейік, Ілияс осы салмақ бойынша финалға дейін-ақ өзін олимпиадалық лицензиямен қамтамасыз етіп қойған. Бұдан бөлек, Азия турниріндегі үшінші алтынды Данияр Елеусінов иеленді. 64 келіде оның қарсыласы түркіменстандық Сердар Худайбердиев ақтық айқасқа шықпай қалған болатын. Сөйтіп, Лондон Олимпиадасында Қазақстанның бокс құрамасы 10 салмақ дәрежесінің 9-ынан бақ сынайтын болады. Айта кетейік, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановтан Лондонға баратын әр боксшы жайында өзіндік пікірін жазып алудың сәті түсті. Осы орайда, аталған тартысты додаға Алаш жұрты үкілеп үміт артып отырған баһадүрлердің тізімін көпшіліктің назарына ұсынуды жөн көрдік.

Біржан Жақыпов 1984 жылдың 7 шілдесінде дүниеге келген. Ол 49 келі салмақ дәрежесінде 2012 жылғы Лондон Олипиадасы ойындары лицензиялық турнирін жеңіп алды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері болып танылған Біржан Оңтүстік Қазақстан облысынан. Ол Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2005 жылы), бокстан Куба Олимпиадасының (2008 жылы) жеңімпазы, Азия ойындарының күміс жүлдегері (2010 жылы).

 Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановтың айтуынша, Біржан ұлттық құрама сапындағы тәжірибелі боксшылардың бірі. «Ол бұған дейін әлемнің үш дүркін чемпионы Зоу Шиминем (Қытай) атты білекті боксшымен кездесіп, оған есе жіберіп отырды. Бұдан басқа Біржан ешкімге де ұтылып көрген емес. Алайда, соңғы уақытта онда тактикалық қателіктер қылаң бере бастады. Өткен Азиялық лицензиялық турнирде ол дода барысында жақсы ойын өрнегін көрсете алмады. Бірақ та ұпай саны бойынша барлық қарсыластарын ұтты. Меніңше ол қатты қобалжыған секілді. Әлі алда үш ай уақыт бар. Лицензияны ұтып алды. Енді ол мақсатты түрде дайындалады деген пікірдемін. Біржан тағы да осы салмақта мықтылардың бірі екенін дәлелдеуі тиіс»,-деді бас бапкер.


  Ілияс Сүлейменов те Азиялық іріктеу турниріндегі шешуші айқаста Тугстсогт Нямбайарды (Моңғолия) ұтты - 18:14. Ілияс 52 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетпек. Спорт шебері дәрежесі бар бұл боксшымыз 1990 жылы туған. Астана атынан шығып жүрген спортшы Қазақстан чемпионы (2010 жылы), «ҚР Президенті Кубогі» халықаралық турнирінің финалисі (2010 жылы), Азия чемпионатының финалисі (2011 жылы) болып танылды.

М. Айтжанов : «Ілияс өткен жылғы желтоқсанда Қарағандыда болған халықаралық турнирдегі жеңісі үшін Азиялық лицензиялық турнир сапына енді. Ол біздің үмітімізді ақтады. Кейбір кемшіліктер бар, яғни үлкен тәжірибе жинап үлгерген жоқ, алайда онда бұл салмақта көшбасшы болу мақсаты бар. Біздің ойымызша,  осы таңдауда қателескен жоқпыз. Біз оның шеберлігін әлі де арттыра түсеміз. Меніңше, Олимпиадаға қарай ол қажетті біліктілігін шыңдай түседі».


  Ғани Жайлауов 60 келі салмақта өнер көрсетіп жүрген бұл боксшымыз 1985 жылдың 3 тамызында дүниеге келген. Спорттық атағына тоқталатын болсақ, ол халықаралық санаттағы спорт шебері. Жамбыл облысынан. Жеке жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпеков.  Ғани Азия чемпионатының қола жүлдегері (2009 жылы), Студенттер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2010 жылы), сондай-ақ Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2011 жылы). Лицензияны өткен жылы Бакудегі Әлем чемпионатында 3 орын алғаны үшін қанжығасына байлады.

  М. Айтжанов: «Ғани Жайлауов болашағы бар боксшылардың бірі. Ол мығым әрі шыдамды спортшы. Ол қарсыластар үшін өте ыңғайсыз боксшы. Себебі, сайыс кезінде онда ешкімге ұқсамайтын өзіндік ұрыс тәсілі бар. Кезінде ол екі дүркін Олимпиада чемпионы Алексей Тищенконы жеңіп жүрген. Өз дегенін орындайтын боксшы».

 
Қанат Әбутәліпов өзінің олимпиадалық жолдамасын 2011 жылы Қытайда өткен бокстың (WSB) Әлемдік сериядағы чемпионатында ұтып алды. Ол 1983 жылы 22 наурызда Қарағанды облысының Баршын ауылында дүниеге келді. Еліміздің құрама командасы атынан 2000 жылдан бері шығып келеді. Бокстан халықаралық санаттағы спорт шебері, 2002 жылғы әлем кубогінің финалисі, бірнеше мәрте Қазақстанның чемпионы атанған, Азия чемпионы, 2003 жылғы Орталық Азия ойындарының чемпионы, әлем чемпионатының жүлдегері.

  

М. Айтжанов: «Қанат тәжірибелі боксшы. Көп жылдары бойы үлкен шаршы алаңда тартысқа түсіп жүр. Өзінің жолдамасын ол «Астана Арланс» командасы сапында жеңіп алды. Қазіргі кезде ол құрама сапында және алдағы додаға күш-жігерін жинап жатыр».

 

  

Данияр Елеусінов 21 жастағы астаналық спортшы. Халықаралық санаттағы спорт шебері. 64 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайтын болады. Ол Қазақстан чемпионы (2010-2011 жылдары), Азия ойындарының чемпионы (2010 жылы). Данияр жолдаманы жақында елордада өткен  Азиялық іріктеу турнирінде қанжығасына байлады.

  

М. Айтжанов: «64 келі салмақта шаршы алаңға шығатын бұл боксшы болашағынан үміт күттіретін спортшылардың бірі. Данияр өте сауатты боксшы және ол сайыс кезінде әр қадамын есептеп жасайды, сондай-ақ барлық қашықтықта жұмыс істей алады. Әмбебап-боксшы. Біз оған өте үлкен үміт артып отырмыз. Шаршы алаңда ол кез келген қарсыласпен жеңіс жолының кілтін таба алады».

 

Серік Сәпиев Қарағанды облысының тумасы. 28 жастағы Серік спортпен 11 жыл айналысып келеді. Оны бастапқыдан жеке жаттықтырушысы Александр Стрельников тәрбиелеп келе жатыр.

Серіктің нәтижелеріне тоқталатын болсақ, ол екі мәрте Әлем чемпионы (2005, 2007 жылы), Азия чемпионы (2007, 2009 жылы), Азия ойындарының чемпионы (2010 жылы) атанған. Спортқа еңбегі сіңген шебер атанған ол 69 келі салмақта тартысқа түспек. Жолдаманы өткен жылы Бакудегі Әлем чемпионатында екінші орынды иеленгені үшін алды.

М. Айтжанов: «Серік тәжірибелі әрі сенімді боксшылардың бірі және команда капитаны болып табылады. Команданың сапындағы спортшылар оны үлгі тұтады. Меніңше, Серік секілді еңбекқор спортшылар көп емес. Ол боксқа бар күш-жігерін салып дайындалады. Бағы жанса ол Олимпиада чемпионы болуы тиіс».

 

  

Данабек Сужанов Бакуде өткен Әлем чемпионатында 75 келі салмаққа дейінгі дәрежеде олипиадалық жолдаманы жеңіп алды. 27 жастағы боксшы халықаралық санаттағы спорт шебері, Қазақстан чемпионы (2010, 2011 жылы) және Азия ойындарының қола жүлдегері (2010 жылы).

М. Айтжанов: «Данабек бұл салмақта Бахтияр Артаевтан кейін көшбасшы атанды. 2011 жылы ол Қазақстан чемпионатын біліктілікпен ұтты. Барлық халақаралық турнирлерге қатысып, жеңімпаз атанды. Алайда, осы сайыстарда үшінші орындарда алып жүр. Меніңше, оған сәл қаталдық керек. Осы мінезін қайрап алса, ол Олимпиадағы толығымен дайын болмақ».

 


Әділбек Ниязымбетов Бакуде бокстан болған Әлем чемпионатында Қазақстан үшін бірінші олимпиадалық жолдаманы таза нокаут арқылы ұтып алды. 21 жастағы ақтаулық боксшы спортқа еңбегі сіңген шебер атанған. Ол 2007 жылы халықаралық турнирде 1 орынды, 2008 жылы республикалық турнирде 1 орын, осы жылы «Азов теңізі кубогі» халықаралық сайысында 1 орынды, 2009 жылы «Жібек жолы» халықаралық турнирінде 1 орынды иеленді. Лондондағы додада Әділбек 81 келі салмақта тартысқа түседі.

 

М. Айтжанов: «Меніңше, ол коммуникабельді, әр қадамын есептей алатын, сондай-ақ техникалық тұрғыда сауатты боксшы. Біздің ойымызша, Бакуге оны ертіп барғанда қателескен жоқпыз. Бұл сайыста Әділбек күміс жүлдені алды. Оған сәл-пәл дайындық жетіспеді. Меніңше, алдағы уақытты оны физикалық тұрғыда шыңдай түсеміз. Ол Лондонда жоғары нәтиже көрсетуі тиіс».

 

Иван Дычко 91 келі салмақтан жоғары дәрежеде шаршы алаңға шықпақ. Қостанай облысын таныстырып отырған 21 жастағы бұл спортшы халақаралық санаттағы спорт шебері. Оның Владимир Шайрер, Сапабек Мұқышев атты екі жаттықтырушысы бар. Иван 2008 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының финалисі, 2010 жылы Азия ойындарының күміс жүлдегері, 2011 жылы Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

 

 М. Айтжанов: «Иванның бойы мен қолының ұзындығы жағынан барлығы жақсы. Оған тек физикалық және психологиялық дайындық жетіспейді. Біз оны бұл бағытта даярлап жатырмыз. Жарыстарда оған мықты спортшылармен тартысқа шығауға мүмкіндік беріп жүрміз. Меніңше, ол Олимпиадада нәтиже көрсете алады. Адамдар Лондонға тым жас спортшыларды апара жатыр деп айтуда. Мәселен, Мұхаммед Әли Олимпиаданы 17 жасында жеңген еді. Ал Иван 22 жасқа жақындады. Жалпы бокста 18 жастан кейінгі спортшыларға жас деп айтпайды. Барлығы да ересектер».

 

 Атап айтқанда, жоғарыда аталған боксшылардың барлығы биылғы жылы 30 сәуір мен 6 мамыр аралығында Алматыда «ҚР Президенті Кубогі» халықаралық турниріне қатысуға бел буып отыр. Бұл айтулы сайыс Лондон Олимпиадасы алдында жолдамалы болған боксшыларымызды тағы да шыңдай түседі деп топшылап отырмыз. Алдағы 2012 жылғы XXX  Олимпиаданың басталуына 100 күндей уақыт қалды. Лонданға Қазақстан 9 жолдамамен  боксшыларды апаратын болады. Бұл 9 боксшы - Ұлыбритания жерінде еліміздің Көкбайрағын желбіретіп, Әнұранын шырқатуға қауқарлы 9 үміт.