Лондонның мэрі болып мұсылман Садық Хан сайланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Лондонның мэрі болып лейборист Садық Хан сайланды, ол тарихқа бұл қызметтегі алғашқы мұсылман ретінде кіреді.

Жаңа қала басшысының есімі сенбіге қараған түні лондондық ратушадағы арнайы рәсім кезінде аталды, деп жазады РИА Новости.

Қорытынды нәтижелерге сәйкес, Хан 44 пайыз дауыс алды, ал оның басты бәсекелесі, аристократ және мультимиллионер Зак Голдсмит 35 пайыз дауысқа ие болды.

Хан бұл қызметте бұрынғы мэр, консерватор, қазіргі кезде парламент депутаты және Дэвид Кэмероннан кейін премьер-министр қызметіне әлеуетті кандидаттардың бірі болып қалып отырған Борис Джонсонның орнына келді.

Джонсон жұма күні Сити-холлдан соңғы «твиттерін» жариялады.

«Сити-холлдан кететін уақыт болды. Сіздердің мэріңіз болу мен үшін үлкен құрмет еді», - деп жазды Джонсон.