Лос-Анджелес-2028 Олимпиадасына волонтер қабылдау басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындарының ұйымдастыру комитеті волонтерлік бағдарламаға өтінім қабылдаудың басталғанын жариялады, деп хабарлайды ҰОК баспасөз қызметі.

Фото: ҰОК

Кандидаттарды тіркеу 2026 жылғы 14 шілдеде, яғни Олимпиаданың ашылу салтанатына дәл екі жыл қалғанда басталады.

Ресми ақпаратқа сәйкес, волонтерлік корпустың құрамына шамамен 60 мың адам енеді. Олар Олимпиада және Паралимпиада ойындары кезінде әлемдегі ең ірі көпсалалы спорттық іс-шараны ұйымдастыруға көмектеседі.

Болашақ волонтерлер спортшылар мен қонақтарды қарсы алып, оларға бағыт-бағдар береді, спорт нысандарындағы көрермендерге көмектеседі, навигациялық қызмет атқарады, сондай-ақ медициналық сүйемелдеу мен аударма сияқты түрлі бағыттар бойынша қолдау көрсетеді.

Волонтерлік орындардың басым бөлігі Үлкен Лос-Анджелес өңірінде ұсынылады. Сонымен қатар, Олимпиада ойындарының жекелеген жарыстары өтетін АҚШ-тың басқа қалаларындағы спорт нысандары үшін де еріктілер қабылданады.

Ойындардың волонтерлік бағдарламасы екі бағыттан тұрады. Бірінші бағыт Олимпиадаға дайындық кезеңінде Лос-Анджелес пен оның маңында ұйымдастырылатын қоғамдық, спорттық және экологиялық бастамаларға қатысуды қамтиды. Екінші бағыт Олимпиада және Паралимпиада ойындары кезінде тікелей қызмет атқаруды көздейді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, дайындық кезеңіндегі іс-шараларға қатысу үміткерлерге тәжірибе жинақтауға, ірі спорттық жарыстарды ұйымдастыру үдерісімен танысуға және Олимпиада қозғалысының бір бөлігіне ойындар басталғанға дейін-ақ айналуға мүмкіндік береді.

Бағдарламаға қатысу үшін үміткерлер Олимпиада басталған сәтте кемінде 18 жаста болуы және ағылшын тілін меңгеруі қажет. Әрбір волонтер Олимпиада немесе Паралимпиада ойындары кезінде ұзақтығы шамамен сегіз сағат болатын кемінде он ауысымда жұмыс істеуі тиіс. Бағдарламаға қатысуға өтінімді осы сілтеме арқылы жолдауға болады.

Еске салсақ, Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындары 2028 жылдың 14-30 шілде аралығында, ал Паралимпиада ойындары 15-27 тамыз аралығында өтеді.

Бұған дейін Лос-Анджелес–2028 Олимпиадасының толық кестесі жарияланды.