Лос-Анджелес әуежайында қауіпсіздік қызметкерін өлтірген адамның есімі жарияланды

АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат - Полиция Лос-Анджелес халықаралық әуежайының 3-ші терминалында оқ атқан адамның есімін атады. Ол 23 жастағы Пол Энтони Чьянчья болып шықты, деп хабарлады Associated Press.

Атыстың салдарынан көлік қауіпсіздігі федералды агенттігінің қызметкері мерт болды. Тағы алты адам жарақаттанды. Шабуыл жасауда қылмыскер винтовканы қолданған.

Бастапқыда шабуыл жасауға екі адам қатысқан, олардың біреуі өлтірілді деген ақпарат тараған. Енді осы қылмысқа байланысты ақпар нақтыланды. Шабуылды ол өзі жалғыз ұйымдастырған. Полицейлер қылмыскерді жаралады, ол қазір ауруханада жіті бақылауда.

Атысты ұйымдастырған адамның сөмкесінен полицейлер қару мен үкіметке қарсы мазмұндағы материалдар тапқан. Олардың нақты не жайлы екендігі белгісіз.

Болған жағдайға байланысты әуежай әкімшілігіне жолаушыларды шұғыл түрде әуежайдан шығаруға тура келді. 746 рейс тоқтатылып, кейінге қалдырылды.

Осы жағдайға байланысты АҚШ Президенті Барак Обама ақпараттандырылды. Алайда Ақ үй тарапынан ресми түрде ешқандай мәлімдеме жасалған жоқ.