Лос-Анджелесте Grammy сыйлығының иегерлері марапатталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Лос-Анджелестегі «Степлс» спорттық-көңіл көтеру кешенінде өткен музыка әлеміндегі аса беделді Grammy Awards сыйлығының 56-шы рет тапсырылу салтанатына танымал өнер жұлдыздары қатысты, деп хабарлайды 'РИА Новости'.

Кеш қонақтарының бірі Мадонна мұнда өзінің ұлы Дэвидпен бірге келді. Сондай-ақ әйгілі қызыл кілемнің үстімен Джон Ледженд, Шеннон Маклемор, Бейонсе, Ариана Гранде мен Райан Льюис сынды танымал жұлдыздар жүріп өтті. Айтулы салтанаттан Робин Тик, Кит Урбан, Пэрис Хилтон, Сара Бареллис, Марк Энтони де тыс қалмады.

Он жеті жасар жаңазеландиялық қыз Лордтың орындауындағы Royals әні 2013 жылдың ең үздік композициясы деп танылды. Ол сонымен қатар «Ең үздік соло әнші» марапатын да иеленді. Оның өткен жылдың қыркүйек айында шыққан дебюттік Pure Heroine альбомы «Танымал музыка жанрындағы ең үздік альбом» номинациясын иеленді.

«Жылдың ең үздік дуэті» және «Жылдың ең үздік альбомы» номинациялары бойынша француздық Daft Punk тобы табысқа жетті. Көпшіліктің сүйіспеншілігіне оның «Random Access Memories» атты альбомы бөленді. Дәл осы альбом сәл бұрынырақ «Жылдың ең үздік би/электронды альбомы» марапатына ие болған еді.

Ең үздік музыкалық бейнеклиптері үшін «Грэммиді» Джастин Тимберлейк пен Jay Z орындауындағы Suit & Tie композициясы иеленді.

«Грэммиге» алты санат бойынша өз туындыларын ұсынған Macklemore & Ryan Lewis тандемі «Жылдың ең үздік жаңа орындаушысы» сыйлығын алды.

«Ең үздік рок-композиция» номинациясында Cut Me Some Slack туындысы үшін Пол Маккартни жеңіс тұғырынан көрінді. Ол сондай-ақ The Beatles тобындағы әріптесі Ринго Старрмен бірге музыка индустриясына ерекше үлес қосқандары және табыстарға қол жеткізгендері үшін тағы бір «Грэммиді» еншіледі.

Бұл сыйлық АҚШ-тың Дыбыс жазу академиясымен жыл қорытындысы бойынша өнер саласына еңбек сіңірген тұлғаларға музыка саласындағы жетістіктері үшін беріледі. Оны әншілер, сазгерлер, дыбыс жазу инженерлері, саз әрлеушілері, дирижерлер мен музыкалық топтардың жетекшілері иелене алады.