Лотереядан түскен пайданы әлеуметтiк салаға бағыттау қажет - А. Мұхамедиұлы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Лотереядан түскен пайда әлеуметтiк салаға бағытталатын бюджеттiк шығындарды едәуiр қысқартады. Бұл туралы бүгiн ҚР Парламентi мәжiлiсiнде «Лотерея және лотереялық қызмет мәселелерi жөнiндегi ҚР заңына өзгерiстер мен толықтырулар туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Мәдениет және спорт министрi Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлiм еттi.

«Лотереядан түскен пайда мәдениет, спорт, бiлiм беру, денсаулық сақтау және өзге де әлеуметтiк салаға бағытталатын бюджеттiк шығындарды едәуiр қысқартуға мүмкiндiк бередi. Мысалы, 2012 жылы Лондон Олимпиадасын ұйымдастыруға бағытталған қаржының 23 пайызы осы лотерея пайдасы есебiнен түстi», - дедi министр.

Оның сөзiне қарағанда, заң жобасы бойынша лотерея операторларына салықтық мiндеттемелермен қатар сыйақы қоры мен түскен пайданың айырмашылығынан 10 пайыз пайданы республикалық бюджетке лотереялық төлемдер жасап отыруы тиiс.

«Қазiргi уақытта бiз де, салықтық органдар да, сыйақы қорына пайданың қанша үлесi бағытталатындығын бiле алмаймыз. Бұл заңда бiз нақты жаздық, пайданың 50 пайызы сыйақы қорына түсуi тиiс. Яғни егер лотерея 100 теңге тұратын болса, оператор сыйақыға оның 50 теңгесiн жұмсауы керек. Ең бастысы оператор табысының 10 пайызын республикалық бюджетке әлеуметтiк жобаларға бағыттауға мiндеттеймiз. 20 пайызын салыққа, 20 пайызын шығындарын өтеуге жұмсасын», - дедi А. Мұхамедиұлы.