Лоу Циньцзянь: Қытай мен ЕО арасында геосаяси қайшылық жоқ

Фото: Фото: Синьхуа

АСТАНА. KAZINFORM — Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының (БХӨЖ) баспасөз хатшысы Лоу Циньцзянь Қытай мен Еуропалық Одақ (ЕО) арасында түбегейлі мүдде қақтығысы да, бітіспес геосаяси қайшылық та жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі БХӨЖ кезекті сессиясының баспасөз орталығына сілтеме жасап.

XIV шақырылымдағы БХӨЖ-дің үшінші сессиясы 4 наурыз күні Бейжіңдегі Халық сарайында баспасөз мәслихатын өткізді.

Испандық журналистің Қытай мен ЕО қарым-қатынасы туралы сауалына жауап бергенде Лоу Циньцзянь Қытайдың бұл мәселеге төтенше мән беретінін атап өтті. Оның айтуынша, әлемдік аренадағы бейбітсүйгіш әрі конструктивті күштер ретінде, Қытай мен ЕО арасындағы қарым-қатынастың тұрақты дамуы қос тараптың түбегейлі және ұзақ мерзімді мүддесіне, халықаралық қауымдастықтың ортақ тілегіне сай келеді.

Ол Қытай мен ЕО арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың жалпы алғанда тұрақты дамып келе жатқанын қадап айтты. Өзара сауда-экономикалық ынтымақтастық тараптардың экономикалық дамуын ынталандырып қана қоймай, жаһандық өндіру-жеткізу тізбектерінің тұрақтылығына және әлемдік экономиканың өсіміне оң әсер етіп келеді. Қазіргі таңда Қытай мен ЕО көптеген салада бірін-бірі толықтыратын және өзара тиімді ынтымақтастық орнатып отыр.

Лоу Циньцзянь 2025 жылы Қытай мен ЕО арасындағы дипломатиялық қатынастың 50 жылдығы атап өтілетінін еске салды. 

— Өткен жарты ғасырдағы тәжірибе көрсеткендей, Қытай мен ЕО арасында түбегейлі мүдде қақтығысы да, бітіспес геосаяси қайшылық та жоқ, біз бір-бірімізге сүйеу боларлық серіктестерміз, — деді ол.

Сондай-ақ, ол Қытай мен ЕО қарым-қатынасының үшінші тарапқа бағытталмайтынын, тәуелді немесе кіріптар болмайтынын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Қытай мен ЕО арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін ең алдымен өзара сенім керек. Тараптар барлық қиындыққа мойымай, стратегиялық тұрақтылықты сақтауы қажет.

— Қытай тарапы ЕО-мен жоғары деңгейдегі келісімдерді бірлесіп жүзеге асыруға, жаһандық сын-қатерлерді тізе қоса еңсеруге, біржақтылық пен протекционизмге жұмыла қарсы тұруға дайын. Қытай ЕО-мен қарым-қатынасты жақсартуға және алға қарай дамытуға ниетті, — деді ол.

Бұған дейін хабарланғандай, Қытай АҚШ-тың жаңа баж салықтарына байланысты ДСҰ-ға шағым түсірді.