Халықаралық Олимпиада комитеті ғимаратында өтіп жатқан жиынға Ресей Олимпиада комитетінің президенті Александр Жуков қатысып отыр. Бұл туралы «Россия-24» телеарнасының тілшісі хабарлады.
Сонымен қатар, жиынға ХОК-тың құрметті президенті Жан-Клод Кили келген.
Еске сала кетейік, Ресей құрамасы Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы ойындардан ғана емес, 2018 жылғы қысқы Олимпиададан да шеттетілуі мүмкін екенін шетелдік БАҚ өкілдері жарыса жазып жатыр. Биыл Ресейден Рио олимпиадасына 387 спортшы жолдама жеңіп алғаны белгілі. Қазіргі дерек көздеріне сенетін болсақ, Ресей құрамасы барлық спорт түрінен Олимпиада-2016 ойындарына қатыспауы мүмкін. Оған басты себеп - допинг дауы.
Бүгін британиялық танымал Daily Mail басылымы Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) бүкіл Ресей құрамасын «мемлекеттік допингтік бағдарламасы» үшін жазалап отырғанын, ал ХОК-тың ұстанымы «допинг - спорт атаулыға жасалған шабуыл» екенін алға тарта отырып, ресейлік спортшыларды Олимпиада ойындарынан шеттететіні туралы жазады. Сондай-ақ, кейбір дереккөздер келтірген дәйектерге сүйенсек, Ресей спортшыларын тек Риодан ғана емес, 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өтетін қысқы олимпиада ойындарынан да шеттету мәселесі қарастырылып жатқаны айтылады.
Осыған дейінгі деректерде хабарланғандай, Халықаралық олимпиада комитеті ресейлік спортшылардың Рио олимпиадасына қатысу-қатыспауы туралы шешімін шілденің 24 күні жариялауы тиіс болатын. Бүгін бұл мәселеге нүкте қойылуы тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, допинг дауы Қазақстан құрамасын да айналып өткен жоқ. Осыған дейін халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің Бейжің мен Лондон Олимпиадалары кезінде, ал Зүлфия Чиншанло, Мая Манеза және Светлана Подобедова үшеуі соңғы Олимпиадада допинг қолданды деп, жарыстардан шеттеткен болатын. Бұл аты аталған спортшылар биылғы Рио олимпиадасына қатыспайды.