LRT-да 3 қылмыс пен 37 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды – ҚР ІІМ

АСТАНА. KAZINFORM- «Tarlan Astana» жеңіл рельсті көлік нысандарындағы қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін Көліктегі полиция департаментінің LRT нысандарындағы полиция бөлімінің қызметкерлері қамтамасыз етеді, деп хабарлайды ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР ІІМ баспасөз қызметі

Жалпы ұзындығы 22 шақырымнан асатын LRT желісі елорданың негізгі көлік тораптарын байланыстырып, теміржол вокзалынан әуежайға дейінгі бағытты қамтиды.

Астана станциясындағы көліктегі полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Беслан Нациевтің айтуынша, LRT желісіндегі 18 станцияның әрқайсысында көлік полицейлері ауысыммен кезекшілік атқарады. Сонымен қатар күн сайын қосымша полиция жасақтары пойыздар қозғалысы кезінде вагондарды толық аралап, тексеру жұмыстарын жүргізеді.

Тәуліктік кезекшілік құрамына инспектор-кинологтар да кіреді. Олар қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен вагондар мен станцияларды тексереді.

Оның айтуынша, жеңіл рельсті көлік қызметін күн сайын орта есеппен 70 мыңға жуық жолаушы пайдаланады. Жолаушылар ағынының жоғары болуына байланысты қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және көлік инфрақұрылымы нысандарында белгіленген тәртіп талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ тұрғындар мен жолаушылар арасында түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі.

Бұл бағыттағы жұмыстарда заманауи техникалық құралдар да белсенді қолданылады. Нысандар бейнебақылау және дабыл жүйелерімен, сондай-ақ шұғыл байланыс бағандарымен жабдықталған. Қазіргі уақытта әр вагонның ішінде сегіз бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұдан бөлек, жылжымалы құрамның сыртқы бөлігіне тағы екі камера орналастырылған.

– Осы кезеңде LRT нысандарында үш қылмыс тіркеліп, олардың барлығы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Сонымен қатар 37 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың қатарында ұсақ бұзақылық және қоғамдық орындарға алкогольдік масаң күйде келу фактілері бар. Мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзып қана қоймай, жолаушылардың қауіпсіздігіне де қауіп төндіреді. Осыған байланысты LRT нысандары қауіптілігі жоғары объектілер қатарына жататынын еске саламыз. Мұнда мас күйінде болу адамның өзіне де, айналасындағыларға да қауіп төндіруі мүмкін, – деді Беслан Нациев.

Жуырда «Әуежай» станциясында полиция қызметкерлері алкогольдік масаң күйде болған азаматты анықтап, ұстады. Ер адам қоғамдық орында өзін әдепсіз ұстап, айналасындағылардың мазасын алған. Құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Көлік полициясы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, жолаушыларға жоғалған немесе ұмытып кеткен заттарын табуға және иелеріне қайтаруға да көмектеседі. Елордада LRT желісі іске қосылғаннан бері 200-ден астам жоғалған зат иелеріне қайтарылған.

– Біз «City Transportation Systems» ЖШС және тиісті қызметтермен бірлесіп, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмысты жалғастырамыз, – деп толықтырды Беслан Нациев.

Осыған дейін елордада LRT-тының қосылуы әуежай жолаушыларына қалай әсер еткені туралы шолу жасадық.