LRT-да жүру тарифі өзгере ме

АСТАНА.KAZINFORM – Елорда әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев LRT-да жүру тарифін көтеру жоспарда жоқ екенін айтты.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін тілшілер LRT-да жол жүру тарифі қаншалықты субсидияланатынын сұрады.

- Субсидияларға келетін болсақ, бұл бағытта толық зерттеуге белгілі бір уақыт қажет етеді, яғни нақты түсінік болуы үшін LRT маршруты толық іске қосылуы керек. Қазір бағасы өзгеріссіз қалды, - деді Е.Өтебаев.

Сонымен қатар ол қоғамдық көлік көп жағдайда өзін-өзі ақтамайтынын айтты.

- Себебі қоғамдық көліктер үнемі әлеуметтік бағытта жүзеге асырылады. Сондықтан қазір жобаның өзін-өзі ақтауы туралы айту әлі ерте. Жалпы, LRT құнын көтеру жоспарда жоқ. Оның тарифі 200 теңге және Қосшы бағытында да осы баға болады, - деді әкімнің орынбасары.

Еске салсақ, LRT жолаушылар үшін 16–17 мамырда ашылады. Көлік күн сайын сағат 06:00-ден 23:00-ге дейін қатынайды. Оператордың бағалауынша, жоба іске қосылған алғашқы кезеңде тәулігіне 25 мыңнан 45 мыңға дейін жолаушы тасымалданады. 

Онда жол жүру тарифі 200 теңге деп бекітілген.