«Сұлтанбеков пен Ардан шетелде жасырынып жүруіне байланысты прокуратура ҚПК-нің 304-бабының 2-бөлігіне сәйкес оларға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды», -делінген прокуратураның хабарламасында.Бұған дейін белгілі болғандай, прокуратураның жедел тергеу тобы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қ.Т. Сұлтанбековке, «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы болған Т.Н. Арданға және басқа да тұлғаларға қатысты «Астана қаласының жаңа көлік жүйесі» LRT, BRT/ITS жобасын іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеді.
Жалпы елордадағы LRT проблемасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында. Қаңтар айында өткен Мәжіліс отырысында Президент ЛРТ құрылысы сыбайлас жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрған жоба деген болатын.
«Көпшілікті, әсіресе елорда тұрғындарын ашуландыратын тағы бір мәселе – ЛРТ құрылысы болып отыр. Ол кәдімгі инфрақұрылымдық жобадан елдің абырой-беделіне нұқсан келтіретін күрделі проблемаға айналды. Қазірдің өзінде орасан зор қаражат жұмсалды, қарыздар тартылды, шетелдік әріптестер алдында ауқымды келісімшарттық міндеттемелер қабылданды. Бұл жоба бастапқыда-ақ үлкен қателік болды, оны мойындау керек. Сонымен қатар, бұл сыбайлас жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрған жоба», - деді Қ. Тоқаев.