LRT қары қалай тазаланады
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада орналасқан LRT желісіндегі қар тазалау жұмыстары шектеулі режимде жүргізіліп жатыр. Бұл туралы City Transportation Systems компаниясы мәлім етті.
Компанияның хабарлауынша, LRT желісін сынақтан өткізу барысында мердігер ұйымдармен бірлесіп эстакаданың техникалық жағдайы күнделікті тексеріледі.
— Қажет болған жағдайда қар мен мұз қатқан учаскелер қолмен тазаланады. Қазіргі сынақ кезеңінде қар тазалайтын арнайы техниканы пайдалану уақытша шектелген. Сонымен қатар, жаңбыр суын ағызу жүйесі толық іске қосылу сатысында тұр, — деп хабарлады компания өкілдері.
Сондай-ақ мекеме мамандары сынақ аяқталып, желі тұрақты жұмыс режиміне көшкеннен кейін жолдарды тазалау арнайы техника мен ауа ағыны жүйелері арқылы жүргізілетінін атап өтті.
Айта кетейік, бірер күн бұрын LRT станциясы маңында өрт шықты.