LRT көлік жүйесі автобус маршруттарымен интеграцияланады

АСТАНА. KAZINFORM — Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік жүйесі автобус маршруттарымен және көліктік-логистикалық тораптармен интеграцияланады. Бұл туралы Үкімет отырысында елорда әкаімі Жеңіс Қасымбек айтты.

Фото: Kazinform\ЖИ

— Қоғамдық көлікті дамыту жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта Bus Lane арнайы автобус жолақтары 146 шақырымды құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 6,6 пайызға артты. Соңғы бірнеше жылда автобус парктеріндегі жылжымалы құрам саны 60 пайызға 1 200 автобустан 1 900 автобусқа дейін артты. Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік жүйесі дамуына қарай оны автобус маршруттарымен және көліктік-логистикалық тораптармен интеграциялау жүзеге асырылатын болады, — деді қала басшысы.

Оның мәліметінше, 2030 жылға қарай қоғамдық көлік пайдаланушыларының үлесі 60 пайызға дейін артады деп күтіледі.

— Бұдан басқа, жаңа жол жобаларын іске асыру басталды. Ф.Оңғарсынова көшесінен Қабанбай батыр даңғылына дейінгі № 38-ші көшенің құрылысы Мәңгілік Ел, Қабанбай батыр және Тұран даңғылдарындағы көлік жүктемесін төмендетуге мүмкіндік береді. Қабанбай батыр даңғылы бойында екі деңгейлі жол жобаланып жатыр. Жоба көлік қозғалысын тоқтаусыз қамтамасыз етіп, сол жағалаудағы негізгі магистральдарға түсетін жүктемені азайтады. Сонымен қатар, Хусейн бен Талал көшесін өзен арқылы өтетін көпір құрылысымен жалғастыру жоспарланған. Жоба сол жағалау мен «Нұрлы жол» вокзалы ауданын байланыстыратын қосымша көлік қатынасын қамтамасыз етеді, — деді Жеңіс Қасымбек.

Астанадан Қосшыға дейінгі LRT желісінің құрылысы 2027 жылы аяқталмақ.