LRT-нің бір құрамы бір мезетте 650 жолаушы тасымалдай алады

АСТАНА. KAZINFORM – Елорда тұрғындарына қоғамдық көлік қызметін көрсететін City Transportation Systems компаниясындағылар (бұдан әрі – CTS) LRT-нің бір құрамына неше жолаушы сыятынын айтты.

Фото: Астана әкімдігі

CTS мәліметінше, LRT паркінде 19 жылжымалы құрам бар. Бір құрамға 4 вагон тіркелген және бір мезетте 650 жолаушы тасымалдай алады. Осы 19 құрамның 15-і күнделікті желіге шығып, халыққа қызмет көрсетсе, қалған төртеуі резервте тұрады. 

– Құрамдардың арасындағы қозғалыс интервалы 5-10 минут шамасында жоспарланды. Стансалар арасындағы болжамды жүру уақыты 1,5 минуттан 3 минутқа дейін, - деп жазылған Kazinform сауалына жолданған ресми жауапта. 

Еске сала кетейік, бұған дейін LRT жолаушыларына 7 жасқа дейінгі бір баланы тегін алып жүруге мүмкіндік берілетінін жазған болатынбыз. 

Сондай-ақ Астанадан Қосшыға дейінгі LRT желісінің құрылысы келесі жылдың соңында аяқталады деп күтіліп отырғанын жазған едік.