LRT жұмысшылары бояу шашыратқан автокөлік иелерінің шығынын кім өтейді

Фото: СTS

АСТАНА. KAZINFORM — Осы көктемде елордадағы LRT желісі құрылысын сырлау кезінде сол маңда қойылған автокөліктерге бояу шашыраған. Бүгін осы мәселе қала әкімі Жеңіс Қасымбектің алдында қозғалды. 

— Азаматтық-құқықтық жауапкершілік жағдайында, мердігер ұйым мен автокөлік иелері арасындағы қатынас. Кей көліктер рұқсат етілген жерде тұрған, кейбір көлікті рұқсат етілмеген жерге қойып кеткен. Осыған байланысты әр жағдай бойынша жеке шешім қабылданады. Менің білуімше, құрылыс компаниясы залал расталған жағдайда өтемақы төлеуден бас тартпайды. Өтемақы мөлшерін өздері анықтайды, мәселеге әкімдік араласпайды, — деп қысқа қайырды Жеңіс Қасымбек автокөліктерге келген шығынды өтеу туралы сұраған тұрғынның сауалына.

Еске салсақ, биыл мамырда елордада автокөлік иелері LRT құрылысшыларына шағымданғаны туралы жазған едік. LRT нысандарын сырлау кезінде, сол маңдағы автотұраққа қойылған көліктерге бояу шашыраған.

Айта кетейік, Астанада LRT желісінің жартысына жуығы дайын болды

Бүгін елорда әкімі Жеңіс Қасымбек «Алматы» ауданы тұрғындарымен кездесіп, халықты толғандырған сауалдарға жауап берді.