21-ғасыр дерті аталған лудомания туралы жазғанда көпшілік мәселенің өздеріне көрінген беткі жағына ғана тоқталатын көрінеді. Яғни, құмар ойынға салынған адам қайта-қайта қарыз сұрайтыны, біреулерді алдап, атына несие алдыратыны, өзінің және жақындарының құнды заттарын сату, ұрлық жасау сынды жаман әдеттерге бой алдыратыны жиі айтылады. Аддиктолог Азамат Советбековтің айтуынша, бұл мәселенің зардабы тек біржақты болмайды.
— Лудомания — ауру, дерт. Бүгінгі таңда көптеген отбасының бір адамында осы құмар ойынына тәуелділік бар. Оны бірі ашып айтса, бірі жасырып отыр. Құмар ойынға салынған адамның бүкіл энергиясы құмар ойындарын ойлауға, онда қандай коэффициент қойсам болады деген жорамалдар жасауға жұмсалады. Қай жерден қандай затты қалай ұрласам болады, басқа адамның атына кредитті қалай алдырсам болады деген оймен күндері өте береді. Бұл оның психикасына тікелей әсер етеді. Күш-жігері болашақты жоспарлау, алға мақсат қою, өзін дамыту, адамдармен қарым-қатынасын арттыру жағына жұмсалмайды, — дейді ол.
Тәуелділікпен күрес маманы құмар ойынға салынған жанның денсаулығына да орасан зор зиян келетінін айтады.
— Тамақтану режимі бұзылады. Лудоман екі-үш күн бойы энергетикалық сусындар ішіп, тамақтанбай жүре береді. Көп ақша ұтам, сосын бір жақсы жерге барып тамақтанам деген ойда болады. Осылай асқазанын құртады. Әрдайым телефонда отырып, ойынның барысын бағып отыру көзін әлсіретеді. Ойынқұмар жан көбінде күндіз ұйықтайды, түнде бәс тігеді. Күндіз ешкімнің көзіне көрінбеуге тырысады. Қарыздары көп болғандықтан, түнде оны көп ешкім байқамайды деп санайды, — дейді Азамат Советбеков.
Оның айтуынша, лудомания ер адамдардың потенциясын төмендетіп жібереді екен. Тіпті, кейбір пациенттердің мүлде жыныстық құмарлығы жоғалғаны байқалған.
— Құмар ойыны ер адамдардың потенциясына тікелей әсер етеді. Лудомандармен жұмыс істеген 7 жылдың ішінде талай адаммен сөйлесіп, жағдайымен таныстық. Сонда бір байқағанымыз, лудомандардың жыныстық құмарлығы жоғалып кетеді. Құмар ойынының кесірінен қаншама ерлі-зайыпты ажырасып жатыр. Оның бірден-бір себептері — қарызға бату, өзіне отбасылық жауапкершілікті алмау, үйде қонбауы болса, енді бір себебі — потенциясының әлсіреуі. Осының бәрі бірігіп, ажырасу жағдайына алып келіп отыр, — деді аддиктолог.
Айта кетейік, бұған дейін лудоманиядан қалай емделуге болатыны жайлы жазған едік.