Лудоманияға шалдыққандардың тек 8,3%-ы құмар ойындарға тәуелділігін мойындайды

Фото: Фото: Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM – Әлемде ересектер арасында құмар ойындарға тәуелділіктің таралуы 0,12 пайыздан 5,8 пайызға дейін жетеді. Бұл туралы Парламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның отырысында Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының орынбасары Дәулет Байпейісов айтты.

«Біз бұл саладағы 24 зерттеуге шолу жасадық. Бұл 2022 жылғы мета-талдау және онда тиісті нәтижелер жинақталған. Мәселен, әлемде ересектер арасында лудоманияның таралуы 0,12 пайыздан 5,8 пайызға дейін. Сонымен қатар, ересек адамдардың шамамен 12,5% тұрақты түрде ойнайды», - деді Д. Байпейісов ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеу тақырыбына арналған отырыста. 

Оның айтуынша, лудомания белгілері бар адамдардың тек 8,3% ғана құмар ойындарға тәуелділікпен байланысты проблемалары бар екенін мойындайды.

«Осы математикалық модельдеу арқылы бұл халықаралық зерттеу нәтижесін еліміздегі жағдайға көшірсек, мынадай көрініс шығады: Қазақстанда аталған проблеманың таралуы 442 мың адамға дейін жетуі мүмкін. Оның ішінде проблеманы мойындайтындар - 36 мыңға жуық адам», - деді Дәулет Байпейісов.

Еске салсақ, жақында Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.

Елімізде 400 мыңдай адам букмекерлер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған.