«ЛУКОЙЛ» Алматы облысында ірі зауыт ашқалы отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Келесі жылы «ЛУКОЙЛ» компаниясы Алматы облысында қуаттылығы 100 мың тонналық майлау материалдарын өндіретін зауыт ашпақ. Жаңа зауыттың ашылатыны жайлы Астанада өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында компания президенті Вагит Алекперов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ТМД аумағында бұл өз саласы бойынша ең ірі инновациялық және жетекші кәсіпорын болады. Қазіргі заманғы кез келген техника мен құрылғыға арналған май түрлерінің өндірісі жолға қойылады. Процестерді автоматтандырудың арқасында 24 сағаттың ішінде кез келген тапсырысты қанағаттандыра аламыз», - дейді Вагит Алекперов.

Компания басшысының айтуынша, «ЛУКОЙЛ» компаниясының Қазақстандағы жаңа жобалары екі бағытта дамитын болады.

«Ең бірінші кезекте, бұл - қайраң. Біз Каспий теңізінің ашық әлеуетіне сенеміз. Сонымен бірге, өзге де қайраңдарда геологиялық барлау жұмысының жаңа блоктарын жүргізуге мүдделіміз», - дейді ол.

Айта кетерлігі, Қазақстан мен «ЛУКОЙЛ» компаниясын 23 жылдан бергі серіктестік байланыстырады. Ресейлік компания Қазақстанның экономикасына одан бері 7,5 млрд АҚШ долларын салған.

Фото: media.gazprom-neft.ru