Лукойл халықаралық активтерін сататынын жариялады

Фото: forbes.kz

АСТАНА. KAZINFORM – «Лукойл» бірқатар мемлекеттердің компания мен оның еншілес компанияларына қатысты шектеу шараларын енгізуіне байланысты өзінің халықаралық активтерін сату ниеті туралы жариялады.

Ресми сайтта хабарланғандай, қазірдің өзінде әлеуетті сатып алушылардың ұсыныстарын қарау процесі басталды.

Активтерді сату OFAC-тың операцияларды аяқтау лицензиясына (wind down license) сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Компания қажет болған жағдайда өзінің халықаралық активтерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін осы лицензияны ұзартуға өтініш беруді жоспарлап отыр.

ЛУКОЙЛ Қазақстан Республикасында 1995 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Компания құрлықта бірнеше өндіру жобасына, мысалы, Қарашығанақ («Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» кен орны оператор-компаниясында 13,5%), Теңіз («Теңізшевройл» ЖШС операторында 5%), Құмкөл («Торғай Петролеум» АҚ-да 50%), сондай-ақ үлесі 12,5% құрайтын Каспий құбыр консорциумына (КҚК) қатысады.

Бұған дейін Энергетика министрінің орынбасары Санжар Жәркешов Үкімет отырысынан кейін өтіп жатқан баспасөз мәслихатында санкцияға түскен «Лукойлдың» Қазақстандағы жобалары туралы пікір білдірді. https://kaz.inform.kz/news/kazakstan-sanktsiyaga-tusken-lukoyldin-eldeg-ulestern-satip-ala-ma-922a7b/

Қазақстанда жұмыс істеген жылдар ішінде «Лукойл» елдің мұнай-газ саласына 12 млрд доллардан астам инвестиция салып, 94 млн тонна мұнай және 60 млрд текше метр газ өндірді.