«Лукойл» компаниясы Қазақстандағы активтерін сатуы мүмкін бе

Фото: РБК

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов «Лукойл» компаниясының Қазақстандағы активтеріне қатысты пікір айтты.

Бүгін Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында тілшілер санкцияға байланысты «Лукойл» компаниясының халықаралық активтерін сатуына орай сұрақ қойған болатын.

«Бұл тұрғыда Қазақстандағы жобалар бар ма?» - деп сұрады журналистер.

Өз кезегінде С. Жаркешов қазір бұл мәселені еліміздің Сыртқы істер министрлігі талқылап жатқанын айтты.

- Қазір активтерді сату немесе сатып алу туралы айтуға ерте, өйткені жаңалық таяуда ғана жарияланды. Энергетика министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Менің ойымша, жақында тиісті мәлімет беріледі, - деді вице-министр.

Айта кетейік, жақында Ресейге қарсы санкциялардың қысымымен «ЛУКОЙЛ» халықаралық активтерін сатуға ниетті екені мәлім болды.

Осыған дейін «Лукойл» Румыния мен Молдовадағы жанармай құю бекеттерін «ҚазМұнайГаз»-ға сатуы мүмкін екені туралы жаздық.