Луврда 2026 жылдың соңына дейін 100 бейнекамера орнатылады

Фото: Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM – Францияның Ұлттық ассамблеясында сөз сөйлеген Лувр музейінің директоры Лоранс де Кар 2026 жылдың соңына дейін музей аумағына 100 бейнебақылау камерасы орнатылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды ВВС.

Францияның BFM телеарнасының дерегінше, камера орнату — Лувр басшылығы тонау оқиғасынан кейін жариялаған қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған 20 іс-шарадан тұратын бағдарламаның бір бөлігі.

Бағдарлама аясында Лувр аумағында полиция бекеті ашылады, ал музей ішінде қауіпсіздік жөніндегі үйлестіруші лауазымы енгізіледі.

Еске салайық, Луврдағы ұрлық 19 қазан таңертең болған. Қылмыскерлер жеті минут ішінде шамамен 88 млн еуроға бағаланатын зергерлік бұйымдар мен асыл тастарды ұрлап кеткен. Бір аптадан кейін бірнеше күдікті ұсталды.

Оқиғадан кейін музейдің шамамен үштен бір залында бейнекамера орнатылмағаны, ал бар дабыл жүйесінің іске қосылмағаны анықталды.

Бұдан бөлек, тонаудан кейінгі бір ай өткен соң екі бельгиялық блогер тағы да Луврдың қауіпсіздік қызметін алдап өтіп, қорғау жүйесінің әлсіздігін көрсетті.