Луврдағы алаяқтық: музей қызметкерлері мен гидтер 10 млн еуроға жуық шығынға батты
ПАРИЖ. KAZINFORM – Француз полициясы әлемдегі ең танымал музейлердің бірі – Лувр аумағында көпжылдық билет алаяқтығына қатысты ауқымды операция жүргізіп, 9 адамды ұстады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлайды.
Париж прокуратурасының мәліметінше, келтірілген шығын 10 млн еуродан асады. Тергеу деректеріне сәйкес, заңсыз әрекеттер Луврмен қатар ішінара Версаль сарайы аумағында да жүзеге асқан.
Операция 2026 жылғы 10 ақпанда өтті. Ұсталғандардың қатарында Луврдің екі қызметкері – кіреберістегі бақылаушылар, бірнеше туристік гид және тергеу негізгі ұйымдастырушы деп есептейтін бір тұлға бар.
Тергеу мәліметінше, алаяқтық схема кемінде 2024 жылдың жазынан бері жұмыс істеген, ал кей болжам бойынша 10 жылға дейін созылуы мүмкін. Негізгі тәсілдер мыналар болған:
– ресми лимиті 20 адамнан аспайтын экскурсиялық топтарды әдейі көбейту;
– бір билетті күні бойы бірнеше рет сканерлеп, әртүрлі туристерге пайдалану;
– ресми кассадан тыс «экскурсиялар» ұйымдастырып, билеттерді қымбат бағамен сату.
Туристердің басым бөлігі Қытай азаматтары болғаны айтылады. Қаражат ұйымдастырушыларға тікелей түскен. Музей қызметкерлері билет тексермеу немесе топтарды төлемсіз өткізу үшін қолма-қол пара алған. Сонымен қатар жалған және қайталанған билеттер қолданылған.
2024 жылы Лувр әкімшілігі гидтердің күмәнді әрекеттерін және билеттен түсетін табыстағы сәйкессіздіктерді байқап, құқық қорғау органдарына шағым түсірген. 2025 жылдың маусымында ұйымдасқан алаяқтық, ақшаны жылыстату, сыбайлас жемқорлық және қылмысқа жәрдемдесу баптары бойынша ресми тергеу басталған.
Тінту барысында күдіктілерден 957 мың еуродан астам қолма-қол ақша, банктік шоттарда шамамен 486 мың еуро және банк сейфтеріндегі қаражатты қоса алғанда жалпы 1,4 млн еуродан астам қаражат тәркіленген. Бірнеше автокөлік те айғақ ретінде алынған.
Бұл соңғы айлардағы екінші ірі оқиға. 2025 жылдың қазан айында музей аумағында шамамен 88 млн еуро тұратын зергерлік бұйымдар ұрланған болатын.
Лувр басшылығы тергеумен толық ынтымақтасып жатқанын мәлімдеп, мұндай жағдайлар мекемеге деген сенімге нұқсан келтіретінін атап өтті. Қазіргі уақытта музей қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр, алайда кіреберістердегі бақылау күшейтілген.