Луврдағы атышулы ұрлық: Музей басшысы қызметінен кетуге рұқсат алды

Фото: Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM — Франция президенті Эммануэль Макрон Лувр мұражайының директоры Лоранс де Кардың отставкасын қабылдады. Бұл туралы Елисей сарайы хабарлады, деп жазды ВВС

Музей директоры былтыр қазан айындағы атышулы тонаудан кейін отставкаға кетуге әрекеттенген болатын.

Жалпы Луврдың басшысын елдің мәдениет министрінің ұсынысы бойынша Франция президенті тағайындайды. Сондай-ақ оның отставкаға кету туралы өтінішін қабылдау немесе қабылдамау туралы шешімді де ел президенті шығарады.

Лоранс де Кар өзінің отставкаға кету туралы алғашқы өтінішін өткен жылдың 21 қазанында, қарақшылар мұражайдан 90 миллион еуро тұратын зергерлік бұйымдарды ұрлап кеткеннен кейін екі күн өткен соң тапсырды. Алайда, мұражайды қалпына келтіруге дайындық кезінде өтініш қабылданбады.

Франция президенті музей директорына жолдаған хатында оны табанды болуға және «мұражайды қалпына келтірудің жоспарланған қарқынын бұзуы мүмкін» қадамдардан аулақ болуға шақырды.

Француз баспасөзі Лоранс де Кар президенттің қолдауына ие болғанын атап өтті. Әзірге оның екінші рет отставкаға өтініш қалдыруына не түрткі болғаны белгісіз.

Луврдағы атышулы тонау музейдегі басқа да мәселелерге назар аудартты. Ғимараттың қазіргі күйі, кейбір бөлмелерді су басу, қызметкерлердің ереуілге шығуы және билет сатудағы алаяқтық іс әлемге танымал мұражайдың беделіне нұқсан келтірді.

Айта кетейік, Лувр музейінің бірнеше залында су ағып кетуіне байланысты уақытша жабылды.