Люксембургте Еуроодақ-Қазақстан ынтымақтастық кеңесі өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – 14 қазан күні Люксембургте Еуропалық одақ – Қазақстан ынтымақтастық кеңесінің 21-отырысы өтеді.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Ынтымақтастық кеңесінде Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы қарым-қатынастың қазіргі жай-күйі, екі тараптың арасындағы Серіктестік және ынтымақтастықты кеңейту туралы келісім аясындағы мұнан арғы қадамдар талқыланбақ. Одан кейін отырысқа қатысушылардың саяси, экономикалық, сауда мәселелері және ынтымақтастыққа қатысты пікір алмасуы күтіледі.

Сондай-ақ делегация өкілдері өңірлік және халықаралық оқиғалар, ынтымақтастық, Еуропадағы Global Gateway» («Жаһандық портал») тобының бастамалары, қауіпсіздік мәселелер төңірегінде пікір алмасады.

Еуропа тарапынан Ынтымақтастық кеңесіне ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілінің атынан Венгрияның Сыртқы істер және сауда министрі Петер Сийярто төрағалық етеді. Ал Қазақстан делегациясын Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастап барады.

Бұған дейін Қазақстан мен еуроодақ арасындағы сауда-саттық көлемі осы жылдың 5 айында 20,2 млрд долларға жеткені хабарланған еді.