Концертті Шымкент қаласы әкімдігінің және ERG мен Cargolux компанияларының қолдауымен Қазақстан Республикасының Люксембургтегі елшілігі ұйымдастырды. Іс-шараға Люксембург мемлекеттік органдарының, дипломатиялық корпустың, іскерлік және академиялық топтардың, мәдени ұйымдардың және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Қазақстанның Люксембургтегі Елшісі Роман Василенко қонақтарға құттықтау сөзін арнады.
— Біз Қазақстан мен Люксембург арасындағы қарым-қатынастардың негізі болған сенімді бағалаймыз және тығыз ынтымақтастық мүмкіндіктерін көріп отырмыз, — деп атап өтті елші.
Екіжақты ынтымақтастықтың нәтижелерінің қатарында Роман Василенко маусым айында Астана арқылы Cargolux әуе жүк тасымалының қайта басталғанын, қазан айында Люксембург компаниялары делегациясының Қазақстанға сапарын және Люксембургтің SES компаниясының технологиясын пайдалана отырып, Air Astana ұшақтарына спутниктік интернет енгізілгенін атап өтті.
— Люксембург пен Қазақстанның ортақ тұстары көп және мен елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жаңа қарқынмен дамып келе жатқанына қуаныштымын, — деп атап өтті
Люксембург үкіметі атынан қабылдауда сөз сөйлеген Люксембург Сыртқы және еуропалық істер, қорғаныс, даму ынтымақтастығы және сыртқы сауда министрлігінің Сыртқы сауда және инвестицияларды ілгерілету департаментінің директоры Пьер Феринг.
«Шымкент концерт» ұйымының әртістері дәстүрлі қазақ және қазіргі заманғы шығармалардан тұратын көркем бағдарлама ұсынды. Сахнада «Қаған» этнофольклорлық ансамблі, «Яссы» би ансамблі, дәстүрлі музыка орындаушылары және ұйымның жеке орындаушылары да өнерімен көрерменді тәнті етті.
Концерттен кейін ресми қабылдау өтіп, онда қонақтар мәдени, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.
Shanyraq Fest Luxembourg Елшіліктің Қазақстан өнерін еуропалық көрермендерге таныстыруға бағытталған мәдени іс-шаралар сериясының жалғасы болды.
Біз бұған дейін қазақ музыкасының Люксембург көрерменін баурап алғаны туралы жазған едік.