11:08, 15 Маусым 2009
М.Ахмадинежад Иранның ядролық мәселесі туралы
ТЕГРАН. Маусымның 15-і. ҚазАқпарат – Иран Президенті Махмұд Ахмадинежад екінші мерзімге ресми қайта сайланғаннан кейін алғаш рет журналистердің алдында сөз сөйледі,
деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап. Тегранда өткен баспасөз мәслихатында Ахмадинежад, Ислам Республикасындағы сайлаудың «әділ және ашық өткенін» және иран халқының еркіне ешкімнің күмәні болмауы керектігін мәлім етті. «Сайлаудың нәтижесіне күмән туғызатындай, маған берілген дауыстар мен өзге екі кандидаттың нәтижелерінің арасындағы айырма тым үлкен»,- деді Иран басшысы. Оппозицияның сайлау қорытындысына қанағантанбайтындығын М.Ахмадинежад «футбол ойынынан кейінгі эмоцияларға» теңеді. Жеңімпаздың айтуынша, Иран өкіметінің сайлаудың нәтижесіне әсер етуге ешқандай дерлік мүмкіндігі жоқ, ал шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары қолдан жасап отырған дабыраны ол «психологиялық соғыстың» бір бөлігі деп атады. Иранның ядролық бағдарламасы туралы сауалға жауап берген Иран президенті, ядролық мәселенің «өткенде қалғанын» мәлім етті. Байқаушылар, бұл дегеніміз - Иранның толық ядролық циклға иелік ету бағыты өзгермейді деген сөз, деп пайымдап отыр. Ресми мәліметтер бойынша, М.Ахмадинежад дауыс берудің қорытындысы бойынша 62,6 пайыз дауыс жинап, бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша президенттікке қайта сайланды. Оның негізгі қарсыласы - оппозицияшыл Мир-Хосейн Мусауи 33,8 пайыз дауыс жинады және ол билікті дауыс берудің қорытындысына араласты деп айыптады. Дауыс берудің нәтижесіне қатысты дау-дамай Тегран көшелеріндегі қақтығыстарға ұласты, оппозицияның 100 шақты өкілі қамауға алынды.