М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында жаңа қойылым қойылуда

АЛМАТЫ. Желтоқсанның 10-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Желтоқсан айының 10 мен 19-ы аралығында  М.Әуезов атындағы  мемлекеттік академиялық драма театрында  Т. Нұрмағамбетовтың «Қожанасыр тірі екен» атты комедиясының қойылымы өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Екі бөлімнен тұратын музыкалық ертегі-комедияның қоюшы-режиссері - ҚР еңбек сіңірген қайраткер О.Кенебаев, қоюшы-суретші - М.Сапаров, композиторы - ҚР еңбек сіңірген қайраткер А.Райымқұлова.

Аталмыш спектакльдің арқауы бүгінгі күн. Жалпы шығыс, оның ішінде түркі халықтарына ортақ фольклорлық кейіпкер Қожанасырдың, қазақ фольклоры кейіпкерлері - Алдар көсе мен Тазша бала көзімен көрінетін бүгінгі күн және оның адамгершілік бет-бейнесі.

Арамызда жүрген Қожанасырды сатып пайда таппақ болған саудагерлер бейнеленеді. Сонымен қатар ортақ бабалары - Қожанасырды өз еліне алып кету үшін келген түркі халықтары өкілдерінің өзара дау-дамайы, пікір таласы көрсетіледі. Қожанасыр, Алдар Көсе мен Тазша бала түскен оқиғалар пьеса мен спкетакль алға тартатын түпкі  идеяны ашуға тырысады.

Қойылым оқиғалары күлкі тудыра отырып халқымыздың, жалпы түркі әлемінің бүгінгі ахуалын зерделей білуге, болашағы туралы ойлануға шақырады.