М. Әуезов театры жаңа құбылыстар мен өзгерістер театры болуы тиіс-М.Құл-Мұхаммед
16:35, 29 Қаңтар 2009
АЛМАТЫ. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек / –ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бүгін Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымымен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Кездесуді театр ғимаратын аралаудан бастаған министр театр басшылығына бірқатар тапсырмалар берді. Мәселен, театр осыған дейін күрделі жөндеуден өткізілмеген. Осыған байланысты театр басшылығы алдағы уақытта күрделі жөндеу жұмысының техникалық-экономикалық негіздемесін жасап, алдағы уақытта өтетін театр проблемаларының мәселелеріне арналған кеңесте баяндауы тиіс. Бұнымен қатар, министр театр басшысына репертуарды жаңартуды тапсырды. «Қазіргі кезде театрда романтикалық сарынды дүниелер көп. Алдағы уақытта осыны азайтып, қазіргі уақыттың тақырыбына сай келетін туындыларды сахналау керек. Сондай-ақ арзан күлкіге құрылған дүниелер де қажет емес, кесек туындылар жасаңыздар», деді М.Құл-Мұхаммед. Ол бұл бағытта министрлік тарапынан көмек болатынын атап өтті. Мәселен, биыл министрлік «Үздік драматургиялық шығармалар» байқауын жариялап отыр. «Ондағы ең үздік шығармалар міндетті түрде Әуезов театрында сахналануы тиіс», деді министр. Әуезов театрының жаңа құбылыстар мен өзгерістер театры болуы керектігін ескерткен министр, қойылымдарға әлемдік деңгейдегі ірі режиссерлерді шақырту мәселесін де қолға алу қажеттігін ескертті. «Биыл Елбасының мәдениетке қамқорлығының арқасында мәдениет саласындағы қызметкерлердің жалақысы 25 пайызға өсті. Бұнымен қатар Үкімет биыл Әуезов театрының бюджетін былтырғымен салыстырғанда 25 пайызға өсіріп, 258 миллион 748 теңге болды. Қазіргі уақытта бұл үлкен қамқорлық», деді министр.Театр қызметкерлері министрден театрды құруға атсалысқан, ұзақ жылдар еңбек еткен Сәбира Майқанова сынды тұлғалардың есімдері ұмытылып бара жатқанын, сондай тұлғалардың атында көше, мектептер атаулары берілсе деген өтініш айтты. Олар, сондай-ақ театр туралы жазылған, актерлер жазған кітаптарын мемлекеттік бағдарлама арқылы шығару, сондай-ақ «Халық әртісі» атағын қалпына келтіру, тұрғын үй беру туралы өтініш айтты.«Қазақ театр өнерінің тарихы М.Әуезов атындағы театрмен тығыз байланысты. 80 жылдық тарихы бар бұл театр Қазақстандағы театрлардың ағасы және бағыт беруші үлгі-өнеге көрсетуші ұжым болып есептеледі. Сондықтан бұл театрдың бүгінгі жай-күйі, болашағы, оның репертуары, қызметкерлердің жалақысынан бастап бәрі бүгінгі кездесуде талқыланды. Бұл театрдың жұмысы әрқашан біздің басты назарда болады», деді М.Құл-Мұхаммед.