ІІМ: Бес айда мал ұрлаумен айналысқан 58 топ ұсталды

АСТАНА.KAZINFORM – 2026 жылдың бес айында еліміз бойынша 266 мал ұрлығы тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11%-ға төмен, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: видеодан алынған скрин

-Сонымен қатар мал ұрлығын ашу көрсеткішінде оң динамика байқалады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде мал ұрлығына қатысы бар 258 адам ұсталып, 58 қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. Ұрланған 1730 бас малдың 1007-сі иелеріне қайтарылды. Жамбыл облысында полиция жалпы құны 15 миллион теңгеден асатын 25 бас ірі қара малдың ұрлану дерегін ашты,-делінген хабарламада.

Сонымен қатар онда жедел-іздестіру іс-шаралары барысында өңірдің үш тұрғыны ұсталғаны айтылады.

Олар түнгі уақытта жүк көлігін пайдаланып, жайылымнан мал ұрлап, кейін оның бір бөлігін делдалдар арқылы сатып жіберген.

Қазіргі уақытта күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ұрланған мал заңды иесіне қайтарылды.

Ішкі істер министрлігі ауыл шаруашылығы жануарларының иелерін малды қараусыз еркін жайылымға жібермеуге, оны уақтылы таңбалап, мал жоғалған жағдайда полицияға дереу хабарлауға шақырады.

Осыған дейін СҚО-да мал ұрлығына күдікті төрт жігіт ұсталғаны туралы жаздық.