М.Дулатов мектеп оқушыларына арнап есеп кітабын шығарған - профессор А. Ісмақова

АЛМАТЫ. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - М.Дулатов 20-ғасырдың басында қазақты өркениетті елдердің қатарына қосылуға шақырып, не бәрі 24 жасында "Оян, қазақ" деп айтып кетті.

Сол үшін кінәлі болып, патша үкіметінің қара тізіміне ілінді. Бұл жайында бүгін филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова Алматыдағы "Елім деп соққан ұлы жүрек" атты ғылыми-тәжірибелік конференция барысында айтты.

Профессор ауқатты, мұсылман отбасынан шыққан М.Дулатов қара басының қамын емес, қазақ ұлтының болашағын ойлап, жастарды білімге шақырғандығын айтады. "Сол тұста Ахмет, Міржақып бастаған Алаш зиялылары қазақ елінің тәуелсіздігі мен қазақ ғылымын жасау үшін өз бастарын қатерге тікті. Олардың бар кінәлары қазақты - қазақ болсын дегені", - дейді А. Ісмақова.

А. Ісмақова өз сөзінде М.Дулатов атын алып отырған мектептің түлектері келешекте еліміздің мақтанышына айналып, қазақ үшін еңбек ететін, тіптен Нобель сыйлығын алатын азаматтар шығады ма деген үмітпен келіп отырғандығын жеткізді.

"М.Дулатов қоғам қайраткері ғана емес, ғалым да болған. Алаш зиялылары қазақ мектептеріне қазақ тілді оқулықтар жазайық дегенді алға қойған. М.Дулатов мектеп оқушыларына арнап есеп кітабын шығарды. Ол есеп формулаларын оқушыларды жалықтырып алмас үшін қазақтың күнделікті тұрмыстық өміріндегі қой, ешкі сияқты жануарларды және құрт, майды мысалға ала отырып жеткізе білген. Сонымен қатар ол қазақ өркениетті елдердің қатарына қосылып, қашан алдында жүреді деген ойларын өлең ретінде қалдырып кеткен", - дейді профессор.

А. Ісмақова 20-ғасырдың басында орыстар қазақтарды қырғыз деп атағандығын айта келе, сол кезде М.Дулатов онымен келіспейтіндігін білдіріп, мақала да жариялағандығын жеткізді.