— Елді мекендерден тыс трассалар. Жан түршігерлік апаттардың басым бөлігі дәл осы жолдарда орын алады. Автомобиль жолдарының көпшілігі ескі стандарттар бойынша салынған. Олар екі жолақты, ені шамамен 7 метрді құрайды. Көптеген учаскелерде тиісті жол инфрақұрылымы жоқ. Жүргізушілер сапасыз жолдарға, жарықтың нашарлығына және навигация мәселелеріне шағымданады. Бұл жол қауіпсіздігі деңгейіне айтарлықтай әсер етеді. Анықталған ақауларды жою жұмыстарының қарқыны баяу, уақтылы жөнделмейді, — деді Үкімет басшысы.
Осы ретте Премьер-министр Көлік министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, елді мекендерден тыс автожолдардың қолданыстағы жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіру бойынша кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.
— Жолдарды салу мен жөндеу кезінде стандарттардың қатаң сақталуына бақылауды күшейту керек. Бұдан бөлек, негізгі автомобиль жолдарындағы орташа жылдамдықты бақылау желісін кеңейтіп, визуалды бағдар беретін лазерлік жүйелерді орнатуды кеңейту қажет. Ішкі істер министрлігі елді мекендерден тыс күре жолдардың ең қауіпті учаскелерін патрульдеу ауқымын арттырсын. «ҚазАвтоЖол» компаниясы, «Қазгидромет», әкімдіктер, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар және Көлік министрліктері еліміздің автомобиль жолдарында техникалардың, жабдықтардың және жылыту пункттерінің қысқы кезеңге дайындығын қамтамасыз етсін, — деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы Жасанды интеллект министрлігі елді мекендерден тыс автожолдарды мобильді байланыспен қамту жұмыстарын жеделдетуі қажеттігін баса айтты.
— Сонымен қатар жол үстінде жануарларды қағып кету — өзекті мәселелердің бірі. Жыл басынан бері осындай 200-ден астам жағдай тіркелді. Әкімдіктерге жол маңында мал жаю мәселесі бойынша мал иелерімен жұмысты күшейтуді тапсырамын. Көлік және Ішкі істер министрліктері Павлодар облысының жол бойында қоршау торларын орнату тәжірибесін қолдану мүмкіндігін қарастыруы қажет, — деді ол.
Бұған дейін жол ережесін өрескел бұзатындар жүргізуші куәлігінен 1 жылға айырылуы мүмкін екенін жазған едік.