М.Елеусізов кезектен тыс Президент сайлауында ең кемі 5 пайыз дауыс жинауды көздеп отыр

АСТАНА. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Президенттікке кандидат Мелс Елеусізовтың кезектен тыс Президент сайлауында сайлаушылардың кем дегенде 5 пайыз дауысын жинауды көздеп отыр.

Бұл туралы ол бүгін Орталық сайлау комиссиясынан Президенттікке кандидаттығын растайтын куәлігін алған соң журналистермен болған сұхбатында мәлім етті.

Кандидаттың сөзіне қарағанда, 5 пайыз дауыс алу - оның алдыға қойған мақсаты. Ал сайлаушылар бұдан көп дауыс беріп жатса, ол одан бас тартпайды. Ал өзінің сайлауалды тұғырнамасына қатысты қойылған сауалға ол: «Мен осы уақытқа дейін көп шаруалар тындырдым. Ең бастысы - мен оларды адал атқардым. Менің өмірім осындай. Мен ұзақ жылдардан бері экология мәселесімен айналысып келемін. Осы жылдарда көп іс бітірдім және көптеген азаматтарға қол ұшын бердім деп айта аламын»,-деді.

Сондай-ақ ол сөзінде кезектен тыс Президент сайлауында өзінің мықты қарсыластармен бәсекеге түскелі отырғандығын жасырмады.