М.Горький атындағы театрдың жаңа маусымы Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасымен» ашылмақ

None
АСТАНА. 16 қазан. ҚазАқпарат - Астанада 18 қазанда М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының жаңа 113-ші маусымы У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» шығармасының тұсау кесерімен ашылады. Бұл туралы astana.kz сайтына театрдың баспасөз қызметінен хабарлады.

Ромеоның рөлін Сергей Маштаков пен Данил Хомко, ал Джульеттаны Ульяна Апрельская мен Екатерина Максим сомдайды. Спектакльдің музыкасын белгілі композитор Александр Юртаев жазды. Ал туындыны сахналаған ТМД театр әлеміндегі белгілі режиссер, Бішкек қаласындағы Шыңғыс Айтматов атындағы мемлекеттік ұлттық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Асанбеков пен суретші, Қырғызстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Юлдаш Нұрматов.

Театрдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, спектакль өзінің ерекшелігімен көрермендерді тәнті етпек. Сахналық ұрыс-шайқастарды қоюға үздік мамандардың бірі, театр және кино актері, «Көшпенділер», «Монғол», «Дневной дозор», «Рэкетир» сынды картиналарды қоюға қатысқан белгілі каскадер Нұрбек Болотов шақырылды. Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясы барша әлемге танымал шығармалардың бірі.

Еске сала кетейік, елордалықтар спектакльді 18 қазанда сағат 18.30, 19 және 20 қазанда сағат 18.00 М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында тамашалай алады.