М. Кемел: Қазақтың тірі сөзі мен қоғамымыздың қозғаушы күші, зиялылық міндетін адал да мөлдір атқара білген асыл азаматымызды халқы ұмытпайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әбіш Кекілбайұлының дүниеден озғандығы туралы суыт хабар әрбір қазақтың жүрегіне ауыр тиген қаза болып отыр. Экономика ғылымдарының докторы, Парламент Мәжілісінің бірнеше сайланымдарының депутаты, қаламгер, Мырзакелді Кемел бүгін заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбайұлының өмірден озғанына орай марқұмның отбасына барып, көңіл айтты. Содан кейін Әбіш аға туралы ой-пікірімен бөлісті.

«Қазақ халқының, баршамыздың рухани ұстазымыз Әбіш ағадан айырылдық. Ол кісі қалай тыныш, бейбіт өмір сүрсе, солай кете барды. Жақында өткен Ұлттық кітапханадағы жиында көріскенімізде, маңдайымыздан иіскеп еді. Елбасы Жолдауын тыңдап отырған үлкен топтан да көріп ек.

Қазақ елі тәуелсіздік алып, жаңа қоғам құра бастағанда, соның ең бірінші қолдаушысы болды. Нарықты жастар түгілі жасамыстар да қабылдай қоймай тұрған кезде заман ағымын түсініп, тәуелсіздікті берік етуге бұдан басқа жол жоқ екенін түсінген абыз еді. Елі үшін өте өнімді және өнегелі еңбек еткен аға буыннын басы еді. «Егемен Қазақстанда»: «Бетерден де бетер бар» деген мақаласын қалай бастап, қалай жалғастырғанына таңырқап едім.

Сол күндерден бергі талай қиын-қыстау кезде өз пікірін жасырмай, биіктігі пен тереңдігін ел мүддесіне жұмсады.

Осындай абзал ағаның жүрген ортасында жиырма жылдай бірге болғанымды мақтан етемін. Бір менің өзіме жүздеген дос-жаран хабарласып, көңіл айтып жатыр.

Сондай хаттың бірі маған Қызылорда қаласынан келді. 76 жастағы Сәпен ақсақал былай деп жазыпты: «Мырзакелді бауырым,

Ұстаз досыңыз, Сіздің ғана емес, қалың қазақтың досы Әбіш Кекілбаев дүниеден озыпты. Өзіңізге қайғыра отырып көңіл айтамын. «Әбекең» демей Әбіш деп отырмын. «Әбекеңдер» көп, Әбіш жалғыз, Әбіш - дара. Қазақтың таңдайы атанған Әбіш Кекілбаев, ұлан-ғайыр білімімен, парасат-пайымымен ұлт ұстазы дәрежесіне жетті. Шыңғыс Айтматовтың Әбішке берген батасындағыдай: - халық үшін - еңбегі телегей теңіз, заман үшін - ақылы Ніл дария, ұлттық рух үшін - қаламынан туған дүниелер талай ұрпаққа азық боларлық асыл қазына қалдырған Ә. Кекілбаевтің қазасы - қазақ мемлекетінің ауыр қайғысы. «Мыңдаған мағыналас туыс сөздердің ішінен өзіне керек бір ғана сөзді тауып, оны өз орнына жаңылмай қою, жарты ауыз артық, жарты ауыз кем айтпау»,- деп Қадыр ақын айтқандай ғажайып суреткер жүрегінің тоқтағаны, оның жанды бейнесін енді көре алмайтынымыз өкінішті. Анадайдан Әбіш көзімізге түскеннен, бойыңды жауапкершілік билейтін, өзімізге парасат-пайым жақындап келе жатқандай күйде болатынбыз. Жаны жанната болғай түркі жұртымен біте қайнасқан асыл, Әбіш. Бақұл бол! Досыңыз - Сәпен Аңсатов».

Ағаның мемлекетшіл пиғылын және шығармашылық идеяларын, тарихи мұрасын келешек ұрпаққа насихаттау ісін жалғастыру - менің де міндетім.

Қазақтың тірі сөзі мен қоғамымыздың қозғаушы күші, зиялылық міндетін адал да мөлдір атқара білген асыл азаматымызды халқы ұмытпайды.

Асыл ағаның иманы жолдас болып, нұры пейіште шалқығай!»,- деді Мырзакелді Кемел.