М. Кукушкин Президент кубогының ақтық сынында ұтылды

АСТАНА. 29 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстандық Михаил Кукушкин Астанада өткен теннистен Президент Кубогының ақтық сынындағы кездесуде ұтылып қалды,

деп хабарлайды Vesti.kz.

Шешуші матчта Кукушкин турнирдің бірінші ракеткасы Дуди Селадан жеңілді. Айта кетер жайт, жаңбырдың кесірінен кездесудің басында аздаған үзіліс болды.

Тайм-аут алаң иесінің пайдасына шешілді: бастапқы сетте қазақстандық спортшы 7:5 есебімен жеңді, ал ойынның екінші сетінде 2:6 есебімен есе жіберіп алды. Ал үшінші сеттің басында Кукушкиннің арқасы ауырып, дәрігердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Медициналық үзілістен кейін алаң иесі басымдық танытқанымен, кездесудің соңына қарай тізгінді қолдан шығарып алды - 6:7 (6:8)

Еске сала кетсек, турнирде жеңіске жеткен спортшыға 18 мың доллар беріледі - ерлер арасындағы турнирдің жүлде қорында 125 мың доллар бар. Ал әйелдер арасында жүлде қоры - 100 мың (жеңімпазға шамамен 15 мың).