М.Құл-Мұхаммед Лондоннан кейінгі Олимпиадаларға дайындыққа осы бастан кірісуді тапсырды

АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат -  Лондон Олимпиадасына қатыса отырып, келесі ойындарды да ойлауымыз керек.

Бұл туралы бүгін Ақордада спорттық жоғары жетістіктер мен дене шынықтырудың одан әрі дамуына арналған республикалық кеңес барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлім етті.

«Олимпиада ойындары Лондондағы жарыспен аяқталмайды. Одан кейін де алдағы төрт жыл цикл бар. Әрине, әрбір Олимпиадаға барған сайын үлкен жетістіктерге қол жеткізуге кез келген команда алдына мақсат етіп қояды. Бірақ, біз осы Олимпиадаға қатыса отырып, келесі ойындарды да ойлауымыз керек. Ол үшін олимпиадалық резерв жасауымыз қажет. Оның құрамында Қазақстан үшін жанын беретін, көк тудың желбірегеніне жүрегінде шын мәнінде отансүйгіштік рух орнайтын азаматтар болу керек», - деп атап өтті Мемлекеттік хатшы.

Өз кезегінде ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатқандығын айта келе: «Соңғы кездегі жастардың чемпионаттарын қарайтын болсақ, өзіміздің азаматтар чемпион болып жатыр. Енді алдағы Олимпидада аталған жігерлі жастар резерв сапын толықтыра түседі», - деді.