«Партия съезіне барлық өңірлерден 2000-ға жуық адам қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік басқару органдарымен бірге халықаралық ұйымдар, ірі-ірі ұлттық компания жетекшілері, зиялы қауым өкілдері болды. Съезде алдымен сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев мемлекет басшысының Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы ерен еңбегін және әлем таныған тұлға екендігін айта келіп, бүгінгідей сындарлы сағатта ел тізгінін тағы да Ұлт көшбасшысына сеніп тапсыруды мақұлдап, партия атынан президенттікке кандидаттыққа Н.Ә.Назарбаевты ұсынды. Сонымен қатар, белгілі ақын Ақұштап Бақтыгерееваның Елбасының парасаттылығы жөніндегі дөп басып айтқан өрелі сөздері қатысушылар тарапынан қызу қолдау тапты, маған да қатты әсер етті», - деді ол.
Түрлі сала мамандарының, жастардың ойлары бір арнаға түйісіп жатты. Мұның өзі елдің бірлігі мен халықтар арасындағы татулық деп түсінуге болады. Аймағымыздың басшысы Қырымбек Көшербаевтың да мағыналы әңгімесі көптің көкейінен шықты. Тұрмыс пен болмысты өзгерткен, талай тарихи сында шыңдалған Елбасына Сыр елінің толағай сенімін көрікті ойларымен жеткізді.
Колледж ардагерлер кеңесінің төрайымы А.Тоқмағанбетова өз пікірін былайша білдірді: «Елді елең еткізген жаңалықты өз басым асыға күттім және съезді үзбей көрдім. Керемет тұлғалардың Елбасына деген тілегі, сенімі, беріп жатқан бағалары - кезекті жай ғана сөздер емес, шындық. Елбасы осы съезде тағы да кешегі Жолдаудағы алдағы басымдықтарды бес институттық реформа арқылы тұжырымдады. Осындай қиын кезеңде тәуекелге бару, ел мүддесі үшін басын бәйгеге тігу - тек ұлы қайраткерлердің ғана қолынан келетін дүние».
Колледждегі «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы, оқу озаты Пірімжар Балзия: «Біздің болашағымыз алда, біз аға ұрпақ мұрасын сақтай отырып, салауатты, бейбіт, тыныш қоғамда өмір сүргіміз келеді. Осы кезеңге дейінгі елдің тұрақтылығы, ұлтаралық татулық, бірлік - сындарлы саясаттың арқасы. Олай болса, жастар, бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында бірге болайық!» - деген ойларын ортаға салды.
Колледж оқытушылары А.Далдабаеваның, Г.Исаеваның, Қ.Төремұратовтың пікірлері де осындай мағынада өрбіп, қатысушыларды сайлауда барынша парасаттылық танытуға, қатысуға үндеді.