ІІМ мұнай өнімдері ірі контрабандасының арнасын жойды

Фото: Фото: Polisia.kz

АСТАНА. KAZINFORM – ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлінісінің қызметкерлері мұнай өнімдерінің ірі контрабандасының арнасын жойды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады. 

Жедел іс-шаралардың нәтижесінде шекарадан шығаруға арналған 10-нан астам вагон-цистерна табылды. Іргелес мемлекеттің аумағына жөнелтілмек болған вагондарда құны 120 млн теңгеден асатын 750 тоннадан астам мұнай өнімі болған. Олар тоқтатылып, тергеу жүргізу үшін тәркіленді.

– Мұнай өнімдерін тиісті рұқсат құжаттарынсыз тасымалдау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-тергеу іс-шараларының кешені жүргізіліп жатыр, - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Атырау облысындағы компаниялар 8 айда 33,5 млн тонна мұнай өндіргенін жазған едік.