М. Оспанов Парламент пен Үкімет арасындағы заң шығармашылығына қатысты өзара іс-қимылды қалыпты жолға түсіріп кетті - М. Көпеев

Фото: None
АСТАНА. Қазанның 2-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - М. Оспанов алғаш рет  Қазақстанның Парламенті пен Үкіметі арасындағы заң шығармашылығына қатысты өзара іс-қимылды қалыпты жолға түсіріп кетті.

 Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен «Марат Оспанов және Қазақстан парламентаризмінің қалыптасуы» ғылыми-тәжірибелік конференция барысында сөз сөйлеген ҚР Сенаты Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

«Бүгінгі жиынның мақсаты еліміздің бірегей ғалымы, парламентшісі М. Оспановтың жаңа қырларын ашып, оны қоғамға ұсына білуде болып отыр. Қазақстандағы қос палаталы Парламенттің алғаш жұмысқа кірісуі еліміздің басынан өткерген сындарлы кезеңінің бірі болып табылады. Кәсіби Парламент Мәжілісінің алғашқы Төрағасы болған М. Оспанов өзінің білікті ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, есте қалды. Әрине, жаңа белесті бағындыру үшін бәрін жаңаша ұйымдастыру қажет болды, сондықтан алғашқы Мәжілісті басқару оңай тиген жоқ. Дегенмен де, М. Оспанов заң шығарушы органның жұмысын, Парламент пен Үкімет арасындағы заң шығармашылығына қатысты өзара іс-қимылды қалыпты жолға түсіріп кетті. Парламент регламентіне енгізілген әрбір өзгерістерге мұқият қарады, регламенттің көптеген ережелері бірінші спикердің бастамасымен қабылданған болатын. Ең бастысы, М. Оспанов қол қойылатын заң жобаларын тек Мәжіліс пен Сенаттың ғана қабылдауына қаратты. Бұрын министрлер бекітпесе заң Президентке жіберілмейтін болған. Бұл мәселеде М. Оспанов заңды қабылдайтын органның Парламент екендігін білдіріп,  министрлерді тек заң жобасын қабылдағанға дейін араластыру, одан кейінгі Парламенттен тікелей Елбасына жолдау туралы ережені айтысып жүріп бекітті, іс жүзіне де келтірді. Қазіргі қолданыстағы салыстырмалы кестелерді де ең алғаш түзіп, ендірген М. Оспанов болатын», деді М. Көпеев.

Оның айтуынша, М. Оспанов Мәжіліске төрағалық еткен кезеңде парламенттік тыңдаулар, Үкімет сағаттары дәстүрге айналып, Үкімет мүшелерінің есебін тыңдау тәжірибесі де пайдаланылған.

Осыған орай, депутаттардың да белсенділігі артып, олар тарапынан Үкіметке 180 депутаттық сауал жолданған.

Тоқтала кететін жайт, Мемлекет басшысы Н. Назарбаев М. Оспановтың Мәжіліске  төрағалық еткен жылдарына қатысты  «Заңдар жетіле түсіп, халыққа түсінікті бола бастады», деп баға берген болатын.

Соңғы жаңалықтар