М. Өтелбаев ұсынған Навье-Стокс теңдеуінің шешімі ағылшын тіліне аударылуда

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстан ғалымы Мұхтарбай Өтелбаев ұсынған Навье-Стокс теңдеуінің шешімін еріктілер ағылшын тіліне аударуда, - деп хабарлады New Scientist. Ағылшын тіліне аудару халықаралық математикалық қоғамдастық өкілдерінің теңдеудің шешуін бағалауы үшін қажет.

"Жылдар бойы Навье-Стокс теңдеуін шешудің бірнеше нұсқалары ұсынылды, алайда олардың бірде-бірі дұрыс болмады", - деді ғалымдарға проблеманың ресми тұжырымын жазған Принстон университетінен Чарльз Фефферман.

"Мен орыс тілін білмеймін. Қазақстандық ғалымдар ұсынған теңдеу шешімі аударылмағанша, мен ештеңе айта алмаймын", - деді ол. Қазіргі сәтте Массачусетс технологиялық институтының ғалымы Миша Вулфсонның жетекшілігімен еріктілер тобы Өтелбаев ұсынған Навье-Стокс теңдеуін ағылшын тіліне аударуда.

Миша Вулфсон орыс тілін меңгерген, бірақ ол дәл қазіргі сәтте қазақстандық ғалым ұсынған Навье-Стокс теңдеуінің шешілу барысын ғылыми тұрғыдан бағалай алмайды. «Мен орыс тілін және математиканы жақсы білгеніммен, аталмыш теңдеудің ұсынылып отырған шешіміне қатысты әзірге ештеңе айта алмаймын», - дейді Вулфсон.

Миссурий университетінің ғалымы Стивен Монтгомери-Смит те Мұхтарбай Өтелбаевтың жұмысымен танысып, оны аудару ісіне өзінің ресейлік әріптестерін тартты. «Оқып үлгергендерімді қарасам дұрыс тәрізді. Алайда, мен теңдеу шешімінің дәлелін көре алғаныма сенімді емеспін», - дейді ол.

Еске сала кетейік, Ұлттық ғылыми академиясының академигі Мұхтарбай Өтелбаев «мыңжылдық проблемаларының» қатарына жататын Навье-Стокс теңдеуін шешкен болатын. Еуразия ұлттық униерситетінің профессоры оны баспаға шығарып, жұрт назарына ұсынған. Бұл есептің шешімін тапқанға Клэй институты бір миллион доллар сыйақы жариялаған болатын.