М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-да волейболдан турнир ұйымдастырылды

None
ОРАЛ. 23 қыркүйек. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқу орны факультеттері арасында белгілі тарихшы, академик Тұяқбай Рысбековтің ғылыми-педагогикалық қызметінің 45 жылдығына арналған волейболдан турнир ұйымдастырылды.

Шараның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен, оқу орнының ректоры Асхат Иманғалиев, мерейтой иесі Тұяқбай Рысбеков пен білім шаңырағының профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттері қатысты.

Турнир басталмас бұрын қала күні мерекесіндегі спорт­тық сайыста жүлде алған университет студенттері марапатталды. Бақберген Қабдолов, Нұрбол Серіков, Бақытжан Сұлтанбекке оқу орнының басшысы Асхат Иманғалиев арнайы диплом табыстады. Рек­тор­дың сөзінше, алдағы уа­қыт­та университет жанынан спорт кешені салынбақ.

Екі күнге созылған тартысты бәсекеде 8 команда арасынан мәдениет және өнер факуль­теті бірінші орынды иеленсе, ІІ орынды экономика және басқару, үшінші орынның жүлдесін университет әкімшілігінің командасы жеңіп алды. Ал «Үздік ойыншы» аталымы бойынша Мерген Сүлейменов, Азамат Дүйсенбаев, Элеонора Бау­диярова марапатталды.

-Тұяқбай Зейітұлы бас­қар­ған 20 жылдың ішінде оқу орнында қаншама дүбірлі спорттық жа­рыс­тар ұйым­дас­тырылды. Во­лей­бол турнирі осы сайыстар­дың жал­ғасы әрі бірегейі. Бұл шара университет ұжымының, студенттердің ұлағатты ұста­зына деген ерекше ілтипаты мен құрметі деп түсінемін,-дейді сайыс­қа қатысушы, профессор Серікқали Шарабасов.