М.Панке: ДСҰ-ға қабылданған күн - Қазақстан үшін тарихи сәт

None
ЖЕНЕВА. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік сауда ұйымына қабылданған күн - Қазақстан үшін тарихи сәт. Бұл пікірді қазақстандық БАҚ өкілдеріне сұхбат берген АҚШ-тың ДСҰ-дағы елшісі Майкл Панке білдірді.

«Қазақстан үшін ДСҰ-ға қабылданған күн - тарихи сәт. Құрама Штаттар осы жылдар бойы сіздердің ұйымға кіру процестеріңізге белсене араласып, бірлесе жұмыс істегендігін мақтан тұтады. Біздерге күні кеше ДСҰ Бас кеңесінің отырысындағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздері зор әсер қалдырды. Бұл үдерістерге Мемлекет басшысының өзінің араласуы өте маңызды фактор», - деді ол.

АҚШ елшісі сонымен қатар өз сөзінде Қазақстанның ДСҰ-ға кіру процестерімен айналысқан барша команданың келіссөздер жүргізуде нағыз талант танытқанын баса атап өтті.

«Ұйымға қосылу, бұл маңызды халықаралық клубқа қосылу әрі біздер үшін тығыз ынтымақтастықты жандандырудың мол мүмкіндігі. АҚШ Қазақстан еңсерген жұмыстарға зор таңданысын білдіреді», - деп түйіндеді ойын М.Панке.

Айта кетейік, кеше Дүниежүзілік сауда ұйымы бас кеңесінің отырысының қорытындысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ДСҰ бас директоры Роберто Азеведо Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуы туралы хаттамаға қол қойған еді.