М. Сейсенбаев елге өз еркімен оралып, тергеу ісіне көмектесіп жатқанын хабарлады

АЛМАТЫ. 11 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - 25 қазан күні елге оралған Альянс банктің Директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Марғұлан Сейсенбаев бүгін Алматыда БАҚ өкілдеріне арнайы брифинг өткізді.

Естеріңізге сала кетейік М.Сейсенбаев 1,5 жыл бұрын Альянс банктің топ-менеджерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалуына байланысты шет елдегі демалыс сапарынан оралмаған болатын. Оған және Альянс банктің бір топ акционері мен менеджеріне қатысты бірнеше айып тағылып, халықаралық іздеу жарияланған еді. Биылғы жылдың қыркүйек айында М.Сейсенбаев ҚР Бас прокуратурасына өтініш жасап, елге оралу ниетін білдірген. Нәтижесінде халықаралық іздестіру тоқтатылып, қыркүйектің 25 күні елге келген болатын.

Бұған дейін БАҚ өкілдеріне өзінің елге оралғанын хат арқылы ғана хабарлаған ол бүгін журналистермен кездесіп, өз аузымен елге оралу себептерін баяндады. Соңғы 2 жылдан бері қазақстандық журналистер алдына алғаш шыққан ол Қазақстанға еркімен оралғанын, банктің акционерлері мен менеджментіне қарсы қозғалған қылмыстық тергеу амалдарына көмектесуге әзір екендігін, өзіне тағылған айып бойынша шындықты анықтау үшін жауап беруге дайындығын атап өтті.

«Мен банктің активін орнына қою үшін және бизнес қауымның алдында беделін көтеруге дайынмын. Мен елге оралған соң маған қатысты қылмыстық істі саяси мақсатта пайдаланып, мені Елбасының саясатына қарсы қою мақсатында көптеген әрекеттер жасалды. Интернет сайттарда Елбасы мен құқық қорғау органдары, сот жүйесіне қарсы қоюға бағытталған бірқатар материалдар жарық көрді. Кейбір жарияланымдарды менің есімім Рахат Әлиев пен Мұхтар Әблязовтардың аттарымен қатар қойылыпты. Бұған байланысты айтарым менің оларға қатысым жоқ. Және болған да емес. Мен еш уақытта олардың іс-әрекетін, көзқарасын қолдаған емеспін, еш уақытта оппозицияда болған жоқпын. Ел Президентіне адал болдым және сол адалдығымда қала беремін. Қалай мен Елбасының саясатын қолдамаймын, егер мен алыс ауылда көпбалалы отбасынан шығып, жақсы білім алып, Қазақстанда ірі бизнес құрылымын қалыптастырдым. Бизнесмен және азамат ретінде өз келешегімді Қазақстанның болашағымен байланыстырамын және бұдан кейін де ел игілігі үшін еңбек етуге дайынмын,- деген банкир тергеу органдарына көмектесуге дайындығын, осыған орай тергеу әділ, обьективті жүретіндігіне сенім білдірді.

Сондай-ақ ол өз сөзінде шетелде қашып жүргендердің барлығын елге оралып, тергеуге көмек жасауға шақырды. «Олардың Қазақстаннан тысқары жүруі өздерінің жағдайын одан ары қиындата беретіндігін ескерткім келеді»,-деді М.Сейсенбаев.

Алдағы жарты жылдағы жұмысым прокуратура мен қаржы полициясының тергеу шараларына қатысу деген ол, БАҚ-та жаңа банк ашыпты деген ақпараттың жалғандығын, болашақта өзінің банк бизнесімен айналысуды жоспарламайтынын жеткізді.