Шымкентте мұнай өнімдерін ұрлау схемасы әшкереленді
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі «Шымкент Мұнай Өнімдері» АҚ аумағынан мұнай өнімдерін ұрлау схемасын анықтап, жолын кесті.
7 қаңтарда Шымкент қаласының полиция департаменті жедел іс-шаралар нәтижесінде жанар-жағармай материалдарын заңсыз шығару арнасын ұйымдастырған адамдар тобын ұстады.
Қылмыстық схемаға «Шымкент Мұнай Өнімдері» АҚ-мен байланысты кәсіпорындардың бірінің қызметкерлері тартылып, олар мегаполис тұрғындарымен сөз байласқан.
Ұрланған отынды қылмыстық схеманы ұйымдастырушыларға тиесілі бірнеше базаның аумағында сақтау және сату фактілері анықталды.
Қаражаттың көлеңкелі айналымы 1 миллиард теңгеден асады.
Тінту кезінде қомақты ақша, 17 тоннадан астам жанар-жағармай, отынды сақтау және айдау құралдары, сондай-ақ бірнеше автокөлік цистернасы тәркіленді.
Барлық күдікті ұсталып, аса ірі көлемде ұрлық фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Қылмыстық іс аясында «Шымкент Мұнай Өнімдері» АҚ қызметкерлерінің қылмысқа, оның ішінде контрабандаға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Айта кетелік сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағандарға 24 млн теңгеден астам сыйақы берілгені туралы жазған едік.