М.Тәжин Чехия Сыртқы істер министрінің орынбасарымен кездесті
18:14, 20 Қаңтар 2009
АСТАНА. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Сыртқы істер министрі Марат Тәжин Чехия Сыртқы істер министрінің орынбасары Томаш Пойармен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кездесу барысында тараптар экономикалық байланыстар мен екіжақты ынтымақтастықты жетілдіру мақсатында болашаққа жоспарланған шараларды сөз еткен. «Мен Қазақстанға екіжақты келісімдерді жүзеге асыру үшін келдім. Сонымен қатар біз кездесуде Чехияның Еуропа Одағына төрағалығы мәселесін де сөз еттік. Біз қазір Қазақстан өкілдерімен бірлесе отырып, екіжақты экономикалық байланыстар мен құқықтық-келісім базасын жетілдіруге күш салудамыз. Менің Еуропалық Одақ өкілі ретінде айтарым, біздің ұйым Қазақстанмен ынтымақта болуға ниетті. Алдағы 5 айда Астана мен Брюссельде Қазақстан мен Чехия өкілдерінің жұмыс кездесулері өтеді. Олар екі мемлекет үшін де, Еуропалық Одақ үшін де тиімді болады деген сенімдемін», дейді Чехия өкілі. Естеріңізге сала кетейік, Чехия Республикасы ағымдағы жылы Еуропалық одақтың төрағасы қызметін атқаруға кірісті. Статистика агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, Қазақстан мен Чехия арасындағы тауар айналымы 2008 жылдың қаңтары мен қазан айының аралықтарында 199,8 миллион АҚШ долларын құраған.